Милина Третьяк: Еліміз үшін жастар мәселесі – басты назарда

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясына өңірдегі белсенді жастар арасынан делегат ретінде Милина Третьяк қатысқалы отыр. Ол – «Қостанай облыстық украиндар қауымы» қоғамдық бірлестігі жастар қанатының лидері.

Милина Третьяк алда болатын сессиядан жастарға қатысты маңызды шешімдер күтеді.

«Қостанай қаласында жаңадан спорттық нысандар ашылуда. Менің ойымша, бұл – халықтың, соның ішінде жастардың саламатты өмір салтын ұстанып, өздерін дамытуы үшін жасалып жатқан істер. Сол орындар әлде де қолжетімді бола түссе деймін. Ассамблеяның кезекті сессиясында саяси науқан негізгі тақырып болуы тиіс, бірақ, жастардың мүмкіндіктері жөнінде де айтылады деген ойдамын, Себебі, қай кезде болмасын, еліміз үшін жастар мәселесі – басты назарда», – дейді Милина Третьяк.

Белсенді жас «Қостанай облыстық украиндар қауымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыратын іс-шаралардың үнемі басы-қасында жүреді. Бүгінде аталмыш ұйым өткізетін ұлттық өнер фестивалі өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналған.

«Біздің бірлестіктің құрылғанына наурыз айында 25 жыл толды. Ширек ғасырда көптеген іс атқарылды. Тіпті, осынша уақытта дәстүрге ұласқан іс-шараларымыз бар. Мәселен, жыл сайынғы Украин ұлттық өнер фестиваліне қалалар мен аудандардан түрлі этнос өкілдері қатысады. Сондай-ақ, қауым өнерпаздары көрші Ресей еліндегі славян фестиваліне барып, қатысып тұрады. Басқа бірлестіктермен қарым-қатынымыз тығыз. Еліміздегі ынтымақтың жарқын үлгісін Қоғамдық келісім үйінен де көре аласыз», - дейді аталған бірлестіктің белсендісі.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанды мекен еткен этностардың саны жағынан украиндар үшінші орында тұр. Тобыл-Торғай өңірінде 70 мыңнан астам украин бар. Олардың дені Қостанай, Рудный, Лисаков қалалары мен Қостанай ауданында тұрады.

2004 жылы Қостанайда Украинаның Құрметті елшілігі ашылған болатын. Қостанай, Ақтөбе облыстары бойынша құрметті консул қызметіне Анатолий Тарасенко тағайындалған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы