21 Қазан 2026, 18:31 Фото: olympic.kz

Михаил Шайдоров жаңа маусымдағы алғашқы үлкен сынағына дайындалып жатыр

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 23-25 қазан аралығында Францияның Анже қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан Гран-при сериясының алғашқы кезеңінде өнер көрсетеді. Қазақстандық спортшы Еуропаның екі дүркін чемпионы Адам Сяо Хим Фамен, жапониялық мықты мәнерлеп сырғанаушылармен және медальдан басты үміткер басқа да спортшылармен бақ сынайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Шайдоров үшін бұл – 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңістен кейінгі Гран-при сериясындағы алғашқы жарысы.

Ақпан айында қазақстандық спортшы Италияда екі бағдарламаның қосындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алған болатын.

Жаңа маусымды мәнерлеп сырғанаушы Словакияда өткен Ондрей Непела мемориалында қола медаль еншіледі. Қыркүйектің соңында ол 272,75 ұпай жинады, ал қысқа бағдарламада 95,98 ұпай алып, өзінің жеке рекордын жаңартты.

Бұл маусымда Шайдоров өзінің бағдарламаларын толығымен ауыстырды. Қысқа бағдарламасын ол бразилиялық «Vidacarnaval» энергияға толы композициясына, ал еркін бағдарламасын композитор Кирилл Рихтердің шығармаларына орындайды.

Шайдоровтың басты қарсыласы кім?

Қазақстандық спортшының ең басты қарсыластарының бірі – Франция өкілі Адам Сяо Хим Фа. Ол – Еуропаның екі дүркін чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері. Оның жеке рекорды – 306,78 ұпай.

Қыркүйек айында Шайдоров Ондрей Непела мемориалында француз спортшысымен кездесіп, одан 23 ұпайдан астам айырмашылықпен озып кеткен еді. Ол кезде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы үшінші орынды, ал Сяо Хим Фа бесінші орынды иеленді.

Сонымен қатар медальдар үшін осы маусымда екі халықаралық турнирде топ жарған эстониялық Александр Селевко да бақ сынайды. Наурызда өткен әлем чемпионатында ол 270,42 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтаған болатын.

Жапониялық Као Миура мен Сота Ямамото да оған оңай шағылатын жаңғақ болмайды. Миура бұған дейін Төрт құрлық чемпионы атанса, Ямамото Гран-при финалының күміс жүлдесін жеңіп алған.

Қатысушылар арасында қыркүйекте халықаралық турнирде 251,07 ұпай жинаған оңтүстіккореялық жас мәнерлеп сырғанаушы Минкю Со да бар.

Михаил Шайдоров қашан өнер көрсетеді?

Ерлер қысқа бағдарламаны – 24 қазанда, ал еркін бағдарламаны 25 қазанда ұсынады.

Франциядағы Гран-при алты кезеңнен тұратын серияны ашады. Оның қорытындысы бойынша әр дисциплинадағы ең үздік алты мәнерлеп сырғанаушы 10-12 желтоқсан аралығында Қытайдың Чунцин қаласында өтетін финалға жолдама алады.

Франциядан кейін Шайдоров 6-8 қараша аралығында Қытайда өтетін Гран-при кезеңінде бағын сынайды.

Осы екі турнирдің нәтижесі Қазақстанның Олимпиада чемпионы серияның желтоқсандағы финалына өте ала ма, жоқ па – соны анықтайды.

Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді.