Михаил Шайдоров: Денис Тен қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың бағытын өзгертті
Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тентың тұтас бір буын спортшыға шабыт бергенін атап өтті.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада-2026 ойындарындағы тарихи жеңісінен кейін өз мансабында және еліміздегі мәнерлеп сырғанаудың дамуына аты аңызға айналған спортшы Денис Тентың ерекше орны бар екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports24.kz-ке сілтеме жасап.
Олимпиада чемпионының айтуынша, дәл Теннің үлгісі оған өз күшіне сенуге көмектескен. Шайдоров Денис Тен тұтас бір буын спортшыға шабыт бергенін және қазақстандықтар үшін алынбайтын асу жоқ екенін дәлелдегенін айтты.
Мен Денис Тен еліміздегі мәнерлеп сырғанауды түбегейлі өзгертіп, сансыз спортшыға, соның ішінде маған да үлкен серпін бергеніне сенімдімін. Оның жүріп өткен жолы қазақстандықтар үшін жабық есік жоқ екенін көрсетті. Осы медаль балаларға белгі болсын деймін: армандауға да, ең биік шыңдарға жетуге де болады, — деді спортшы.
Еске салсақ, Денис Тен Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан алғашқы олимпиадалық жүлдені әкеліп, 2014 жылғы қысқы Олимпиадада қола медаль алған болатын. Айта кетерлігі, екі спортшы да жүлделерін бір күнде — 14 ақпанда иеленген.
Сондай-ақ қолданыстағы Қазақстан заңнамасына сәйкес, қысқы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен чемпионға 250 мың доллар көлемінде сыйақы қарастырылған, бұл шамамен 123,7 миллион теңге. Ал күміс жүлдегерлер 150 мың доллар (74,2 миллион теңге), қола жүлдегерлер 75 мың доллар (37,1 миллион теңге) алады.