Михаил Шайдоров Алматыдағы шоу мен әлем чемпионатына қатыспайды
Спортшы 5 сәуірде Алматыда өтетін «Олимпиада жұлдыздарының Милан-2026 көрсетілімдік бағдарламасы» мұз шоуына күтпеген жағдайларға байланысты шыға алмайды.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 5 сәуірде Алматыда өтетін «Олимпиада жұлдыздарының Милан-2026 көрсетілімдік бағдарламасы» мұз шоуына қатыспайды. Бұл туралы ұйымдастырушылар ресми түрде хабарлады. Мәлімдеме Almaty Arena парақшасында жарияланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, күтпеген жағдайларға байланысты спортшы аталған кешке шыға алмайды. Олар Шайдоровқа кәсіби ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, алдағы спорттық жолына табыс тіледі. Сонымен қатар кеш бағдарламасы бұрын жоспарланғандай жарқын әрі мазмұнды болатыны атап өтілді. Шоуға өзге де танымал спортшылар, соның ішінде Софья Самоделкина қатысады.
Бұдан бөлек, Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан биылғы әлем чемпионатына да қатыспайды. International Skating Union (ISU) жариялаған ресми тізімде оның есімі жоқ.
Ересектер арасындағы әлем чемпионаты 24-29 наурыз күндері Прага қаласында өтеді. Бұл додада Қазақстан намысын ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев қорғайды. Ал әйелдер бәсекесінде Софья Самоделкина өнер көрсетеді.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 3 наурызда Таллин қаласында басталады.
Осылайша, биылғы маусымда қазақстандық жанкүйерлер Михаил Шайдоровты не халықаралық әлем біріншілігінде, не Алматыдағы мұз шоуында көре алмайды. Спортшының нақты қандай себеппен қатыспайтыны әзірге ашық айтылған жоқ.
Бұған дейін Президент Денис Теннің жолын жалғаған чемпион Михаил Шайдоровты марапаттағанын жаздық. Сондай-ақ қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісіне үлес қосқан жандардың еңбегіне ерекше тоқталып, оның әкесі мен бапкеріне алғыс айтты.