Миграция, санкция, қауіпсіздік: Тоқаевтың Мәскеу сапарынан не күтіледі?

Жыл соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге мемлекеттік сапармен барады. Кездесудің негізгі мақсаты қандай? Сапар барысында қандай мәселелер талқылануы мүмкін? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым айтып берді.

Сарапшының пікірінше, бұл кездесу екі ел қарым-қатынасының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам болмақ. Күн тәртібінде экономика мен қауіпсіздіктен бастап, миграциялық саясат, санкциялар және жаңа Еуразиялық кеңістіктегі серіктестікті дамытуға дейінгі кең ауқымды мәселелер бар. Геосаяси құбылмалы жағдайда бұл сапар – сындарлы диалогты сақтап қалудың шешуші сәті.

Сыртқы саяси байланыстарға қатысты сөз қозғағанда, ең алдымен тұжырымдамалық құжаттарға назар аудару орынды. Ресей Федерациясының сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес (Соңғы отыз жылдағы бұл алтыншы тұжырымдама) Ресей «Ерекше өзіндік өркениет елі», «Кең еуразиялық және еуро-тынық мұхиты державасы», сондай-ақ «орыс әлемінің тірегі» деп аталған, - деп түсіндірді сарапшы.

Сондай-ақ ол сапардағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

Оған қоса онда келесідей тірек нүктелері бар: гуманитарлық саясат басымдықтарының бірі – руссофобияға қарсы тұру; АҚШ-тың саяси бағыты Ресей Федерациясының қауіпсіздігі мен «адамзаттың әділ дамуы» үшін Ресейге қарсы саясат пен тәуекелдердің негізгі көзі болып саналады; Ресей Қарулы Күштерді өзіне және одақтастарына қарулы шабуылдан қорғану және алдын алу үшін қолдана алады. Міне, сондықтан серіктестікті нығайтуда осы тұстарды ескерген абзал, - дейді саясаттанушы.

Айтуынша, Қазақстан Президенті үшін бұл сапардың орны бөлек. Себебі Мемлекет басшысы өкілеттік кезеңінде мұндай сапарды бір рет қана жүзеге асырады.

Жаһандық саясат әрдайым құбылмалы, ал географиялық көршілер – тұрақты. Осындай жағдайда қарым-қатынаста тиімді әрі орнықты балансты табу да, оны сақтау да оңай емес. Сондықтан бірінші басшылар арасындағы байланысты институционалдық деңгейде де дамыту маңызды. Осы жолғы басты ерекшелік, Тоқаевтың сапары мемлекеттік деңгейде өтпек. Бұл – мемлекет басшысының шетелге жасайтын ең жоғары дәрежедегі сапары. Мұндай сапар өкілеттік кезеңінде тек бір рет қана жүзеге асырылады, - деп түсіндірді Риззат Тасым.

Белгілі болғандай, Президент кездесу барысында, Ресей өзінің басты серіктестер өрісі тарылып бара жатқан тұста Қазақстанға деген ықыласын барынша айшықтап көрсетуге тырысады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бастысы – посткеңестік кеңістіктің ендігі жерде тарих қойнауына кеткені, оның орнын жаңа Еуразиялық кеңістік басқаны және саяси шынайылық түбегейлі өзгергенін жеткізу.

Алдағы кездесудегі күн тәртібіне келсек, қаралатын сұрақтардың аясы тым кең, ал талқылайтын тақырыптар ешқашан таусылған емес. Яғни күн тәртібі сөзсіз мазмұнды болмақ, экономикадан бөлек, қауіпсіздік, атом өнеркәсібі, аймақтық тұрақтылық және санкциялық саясат мәселелері қозғалуы ықтимал. Ресейдегі ЕАЭО шеңберіндегі бостандықтарға қарамастан, Орталық Азия мемлекеттерін түсініксіз миграциялық саясат алаңдатуда, - дейді халықаралық сарапшы.

Сонымен қоса саясаттанушы сапардағы басты нәрсені атады.

Бұл мәселе бойынша да Қазақстан өз әріптестерінің ұстанымын жеткізері сөзсіз. Оған қоса, ЕАЭО аясында баж салығының мөлшерін қайта қарау мәселесін ілгерілету де маңызды. Сондай-ақ бұрын жарияланған логистикалық бағыттар бойынша неғұрлым нақты жоспардың таныстырылуы, трансқұрлықтық инфрақұрылымға қатысты жаңа жобалардың ұсынылуы әбден мүмкін. Ең бастысы – саяси диалогтың конструктивті сипатын сақтап қалу, - деді Риззат Тасым.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйекте өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның халықаралық аренадаға абырой-беделінің жоғары екендігін және өзгелердің бізбен санасатынын айтты. Сондай-ақ Президент алдағы жоспарымен де бөлісті.

Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған, - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы