Microsoft бүкіл әлемде болған ауқымды ақаудан кейін «қызыл код» жариялады
Бір тәулікке жуық уақыт бойы электрондық поштаның істемеуі, мемлекеттік мекемелердің, сауда компаниялары мен әуе тасымалдаушылардың жұмысындағы іркілістер – Microsoft сервистеріндегі қараша айындағы ақау осындай салдарға әкеп соқты. Оқиғадан кейін технологиялық алпауыт ішкі Code Red («қызыл код») режимін жариялады және техникалық ақауларды жою тәсілін қайта қарауға ниетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Ақау 12-13 қараша күндері болып, АҚШ, Аустралия және Жапонияны қоса алғанда, түрлі елдердегі пайдаланушыларға әсер етті.
Іркілістер Outlook, Teams, Exchange Online бұлтты поштасы, Copilot ЖИ-көмекшісі және басқа да Microsoft 365 сервистерінің жұмысында байқалды.
Exchange Online үшін бұл оқиға сервистің бүкіл тарихындағы пайдаланушыларға әсер ету ауқымы жағынан ең ірі ақау болды.
Ақауға не себеп болды?
Белгілі болғандай, оқиғаға 2026 жылдың шілде айынан бері байқалмай келген Windows бағдарламалық ақауы себеп болған.
Серверлерге түсетін жүктеменің артуы мен қолжетімді қуаттардың азаюы жағдайды одан әрі ушықтырған.
Microsoft бұл оқиғаның кибершабуылдармен немесе ЖИ-агенттердің әрекетімен байланысы барын жоққа шығарды. Компанияның бас директоры Сатья Наделла пайдаланушылардан көпшілік алдында кешірім сұрады.
11 мың хабарлама және жалпы көріністің жоғалуы
Ауқымды ақау бағдарламалық жасақтаманың жұмысында ғана емес, сонымен қатар Microsoft қызметкерлерінің өзара әрекеттесуінде де мәселелер барын көрсетті.
Компанияның корпоративтік вице-президенті Аманда Сильвердің айтуынша, ақауларды жою барысында инженерлер Teams желісіндегі 11 чатта 11 мыңнан астам хабарлама алмасқан. Сонымен қатар техникалық ақпарат әртүрлі ішкі жүйелерде шашыраңқы орналасқандықтан, мамандарға болып жатқан жағдайдың толық көрінісін құрастыру қиынға соққан.
Енді Microsoft не істемек?
Компания алдына осындай жаһандық ақауларды бір сағаттың ішінде жою мақсатын қойды. Ол үшін Microsoft желілік инфрақұрылымның жұмысын өзгертуді және инженерлерге техникалық ақаулардың себебін тезірек табуға көмектесетін ЖИ-агенттерді тартуды жоспарлап отыр.
Microsoft өкілі Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде компания ақауларды жедел жойып қана қоймай, олардың қайталануына жол бермеуге ниетті екенін атап өтті.