Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Microsoft АТ-академиясы ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Microsoft АТ-академиясының ашылу салтанаты өтті. Салтанатқа Microsoft-тың Орталық және Шығыс Еуропа елдері бойынша бас менеджері Анке ден Аудeн және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры, профессор Бүркітбаев Мұхамбетқали Мырзабайұлы қатысты. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Microsoft АТ-академиясы – студенттер мен оқытушыларды Microsoft технологияларына оқытуға арналған алаң. Академия ашылған сәттен бастап, студентерге Microsoft өнімдерімен және технологиялармен жұмыс жасау дағдыларын үйрету және ары қарай сертификаттаудан өтуге жағдай жасау мақсатында Ақпараттық технологиялар және Механика-математика факультеттеріндегі мамандықтарды оқыту курстары қайта қарастырылмақ.

«Тарихы тереңге тартқан қазақстандық университеттің оқыту-ғылыми кешенінде цифрлық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшының озық АТ-академиясы өз жұмысын бастап отырғандығына біз қуаныштымыз. АТ-академия бағдарламасына қатысу арқылы университет осы саладағы кәсіпқойларға, болашақ студенттерге және академиялық экожүйеге мүдделі басқа да тараптарға Microsoft-тың ең соңғы технологиялары бойынша жоғары сапалы білім беріп, осы салада мойындалған университетке айналуға мүмкіндік алмақ», - дейді Мұхамбетқали Бүркітбаев. 

ҚазҰУ Microsoft АТ-академиясы технологияға бағытталған экономикада жетістікке жету үшін қажетті білімдерді оқытушылар мен оқушыларға игеруге мүмкіндік беретін оқу бағдарламалары мен сертификаттауды ұсынады. Курстар компьютерлік ғылымдар, АТ-инфрақұрылым, деректері өңдеу және талдау, өнімділік сынды бағыттарда дайындалған. 

«Жоғарғы білім технологияларға негізделген экономиканың даму беталыстарын ескеріп, студенттердің болашағы үшін жаңа мүмкіндіктерді құру үшін жағдай жасауы тиіс. Бұл инвестициялар жас мамандарға басқаша қырынан ойлап, күрделі әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге арналған дағдыларды дамытуға көмектеспек. Microsoft Imagine Academy – бұл қазақстандық студенттерге технологиялар жалпы қалай өмір сапасын көтере алатындығы жайлы өз заманауи көзқарасын білдіріп, инновациялық машиналарды, материалдар мен жүйелерді жасау ісінде оларға қолдау көрсетеді», - деді Анке ден Ауден.

Жиын барысында Microsoft-тың Орталық және Шығыс Еуропа елдері бойынша бас менеджері Анке ден Аудeн STEM саласына қыз-келіншектерді тарту және 21-ғасырда  қажетті дағдыларды дамыту мәселелерін көтерді. 

Анке Microsoft компаниясы осы бағытта қандай жұмыстарды жасап жатқандығы жайлы айтып өтті.

«Біз компьютерлендіру қажет болатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Инженериядан бастап, өнерге дейін, барлық пәндерде компьютерлік білімнің рөлі артып келеді. Сондықтан барынша көп қыз-келіншектерді информатика мен техникаға тарту қажет. Қыздардың STEM саласына және компьютерлік ғылымдарға деген қызығушылығын көтерудің күшті бір жолы – осы білімдер арқылы қандай инновациялар келешегін жасауға болатындығын оларға түсіндіріп, осылайша бүкіл әлемде қолдануға болатын шешімдер мен өнімдердің сан алуан түрлерін ұсыну», - деді ол.

ҚазҰУ Microsoft АТ-академиясы оқытушыларға технологиялар туралы сан алуан онлайн курстардан өтуге, оқу курстарына өзекті ақпаратты қосуға мүмкіндік берсе, студенттер сертификаттаудан өтіп, осының арқасында бүкіл әлемде танылатын Microsoft сертификаттарына қол жеткізе алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы