Мезгілсіз қайтыс болуға алып келетін аурулардың төрт санаты қандай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады.
Оның айтуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес саламатты өмір салтын қалыптастыру мен халық денсаулығы туралы хабардар болу қоғамдық денсаулықты сақтаудың басым бағытына жатқызылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша саламатты өмір салты денсаулықты сақтауға, аурулардың профилактикасына және жалпы организмді нығайтуға бағытталған. Адам денсаулығының тек 10%-ы ғана денсаулық сақтау жүйесіне байланысты, қалған жағдайда 20%-ы қоршаған ортаға, 20%-ы генетикалық факторға және 50%-ы өмір сүру салтына байланысты. Мезгілсіз қайтыс болудың негізгі себептерін талдау, инфекциялық емес аурулардың төрт санаты – қанайналым жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер, тыныс алу ағзаларының аурулары және қант диабеті екенін көрсетті, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр инфекциялық емес аурулардың өсуіне әсер ететін факторларды атады.
Инфекциялық емес аурулар қаупінің өсуіне дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі, темекі мен алкогольді тұтыну сияқты алдын алуға болатын мінез-құлық факторлары әсерін тигізеді. Осыған байланысты саламатты өмір салтының негізгі аспектілері осы аталған қауіп факторларының алдын алу болып табылады, - деді Ажар Ғиният.