Мейірімді жүрек: Ақтөбеде сатушы ақшасы жетпеген әжейге көмектесіп, батасын алды

Ақтөбеде дүкен сатушысы ақшасы жетпей қалған әжейдің тауарын өз есебінен төлеп беріп, көпшіліктің ықыласына бөленуде. Қамқор қыздың бұл мейірімді әрекеті әжейдің алғысы мен батасына себеп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға қаладағы дүкендердің бірінде болған. Желіде тараған видеодан әжейдің көкөніс сатып алып жатқан сәті көрінеді. Оның ақшасы жетпей қалды ма, әлде сатушы қыз өз еркімен көмектесуді ұсынды ма, бұл жағы беймәлім. 

Алайда видеода сатушы қыз әжей ұсынған ақшаны алмай, кері қайтарып береді де, оның орнына тауардың ақысын өзі төлейді.

Жас қыздың жанашырлығына риза болған әжей ақ батасын беріп, алғысын білдіреді.

"Нағыз адамгершілік – осындайда танылады. Жарайсың, қарындас!", "Қазақтың қызы деген осындай болсын. Анасының ақ сүтін ақтап жүр!", "Осындай оқиғалар жанға жылу сыйлайды. Мейірімді адамдар көп болсын!", "Қарт кісіні ренжітпей, қуантып жібергеніңе риза болдым. Алла разы болсын!" , - деп жазуда желі қолданушылары.

Жүрекке жылу сыйлаған бұл сәт әлеуметтік желіде кеңінен тарауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы