Бүгiн 2026, 06:35 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

"Мейірімді тазару" акциясы ел бойынша волонтерлерді біріктірді

Волонтерлер қарттар мен ардагерлерге көмек көрсетіп, аулалар мен қоғамдық аумақтарды қар мен мұздан тазартты.

Қазақстанда «Мейірімді тазару» акциясы өтіп, оған 200-ден астам волонтер қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Green Steppe жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Акция Шымкент қаласында және Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында өтті. Оған жастар ресурстық орталықтары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері де атсалысты.

Волонтерлер қарттар мен ардагерлерге көмек көрсетіп, аулалар мен қоғамдық аумақтарды қар мен мұздан тазартты. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу мақсатында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама қоғамдағы өзара көмек мәдениетін нығайтып, волонтерлік қозғалыстың маңызын айқындады.