"Мейірімді көршілер" акциясы жалғасын тапты

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сарыағаш ауданының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Мейірімді көршілер" акция-челленджі бойынша, әлеуметтік жағдайы төмен 40 отбасына азық-түлік пен қажетті заттар таратылды.

Аталған акция-челлендждің басты мақсаты – аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға көмек көрсету. Игі бастаманы Қызылжар ауылының ерікті жастары жалғастырды. Жақсылықта жарысқан ауыл жастары елді мекендегі жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындар мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды қамтыды.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға бір жолғы азық-түлік пен басқа да қажетті заттар берілді. Жалпы жұртқа қайырымдылық жасау – мұсылмандық әрі азаматтық борыш. Мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дейді ғой. Ауданымызда жүрегі мейірім мен шапағатқа толы азаматтарымыз көп. Бүгінгі акцияны үш кәсіпкер Жантас Андасбаев, Ақан Рахымбаердиев, Мұхтар Миянов сынды азаматтар демеушілік жасап, азық-түліктерді жеткізіп берді. Біз ауданымыздағы өзге де жомарт кәсіпкерлерді осы челленджге қатысуға шақырамыз, - деді орталықтың басшысы Қанат Иматов.

Еске сала кетейік, Түркістан облысында 500 мыңнан астам жас бар, оның сексен пайызын ауыл жастары құрайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы