Мета плаформаларынан қазақстандық әртістердің әндері неге өшірілді

Алматыда орналасқан Қазақстан баспасөз клубында "Қазақстан авторлар қоғамы" РҚБ баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Баспасөз жиыны барысында «ҚазАҚ» РҚБ өкілдері Meta корпорациясының әлеуметтік желілерінде қазақстандық әншілердің туындылары неге өшірілгенін түсіндірді.

"ҚазАҚ" РҚБ бас директоры Айнура Есендикованың айтуынша, Meta өкілдері қазақстандық авторлардың музыкасын пайдалану бойынша "ҚазАҚ" РҚБ-мен келісімге келе алмаған. Сондықтан қоғамдық бірлестіктің каталогындағы барлық музыка Instagram және Facebook-те өшірілген.

Соңғы айлар ішінде "ҚазАҚ" РҚБ қазақстандық музыкалық туындыларды пайдалану бойынша Meta-мен келіссөздер жүргізді. «ҚазАҚ» РҚБ мен Meta арасында бұрын келісімшарт болған. Бірақ корпорациясының төлемі өте төмен болды. Басты келіспеушілік - еліміздің туындыларын пайдаланғаны үшін әділ төлем сомасын анықтауда болып тұр, - деді ол.

Сондай-ақ "ҚазАҚ" РҚБ бас директоры бір сәтте музыкасы танымал желілерден алынып тасталған авторлардың сенімін қайтару бойынша қандай жұмыстар атқарылатынын айтты.

 Авторлардың сенімін жоғалттық деп айтылып жатыр. Бірақ керісінше біз олардың құқықтарын әлемдік аренада қорғап жатырмыз. Еуропа мен АҚШ қандай төлем алатындарымен салыстырсақ, Қазақстанға қандай аз төлем ұсынылғанын түсінеміз. Бірақ біз міндетті түрде Meta-мен келісімге келеміз. Сол кезде барлық авторлық құқық иелері бізге алғыс айтады деп ойлаймын, - Айнура Есендикова.

Жиын барсында қазақстандық әншілердің құқығын қорғаушылар әндердің Meta плаформасында өшіп қалуы мен қаламақының аздығына шағымданды.

 Шәмші Қалдаяқовтың ұрпақтарына аз ақша төленіп жатқан жоқ. Біз оны құжат бойынша дәлелдей аламыз. Осы ретте Алтынбек Қоразбаевқа да 3 ай сайын қаламақы төленіп жатыр. Қанша қаражат төленгенін авторлардың келісімінсіз айта алмаймыз. Екі тарапта келісім шартқа отырған. Авторларға қаламақының төленгені бізде қағаз жүзінде де іс жүзінде іске асып жатыр. "ҚазАҚ" РҚБ Meta-ның құрамына кіретін 6 мыңнан астам авторлар бар. Олардың барлығының құқығы қорғалған, қаламақысы төленген десек болады. Қазіргі таңда әншілер қауымы қаламақының аздығын, мардымсыз қаражат алып отырғанын айтып шағымданады. Біз оларды түсінеміз, және сол үшін келісім шартқа отырған ұйымдармен бізге төленетін қаржыны көтеруді талап етіп отырмыз,- деді "КазАҚ" РҚБ Бас директордың орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы