Meta компаниясы 10 мың қызметкерін қысқартады
Facebook, Instagram әлеуметтік желілері мен Whatsapp мессенджеріне иелік ететін Meta корпорациясы 10 000 қызметкерді жұмыстан шығарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл соңғы алты айдағы ауқымды қысқартудың екінші кезеңі. Былтыр қараша айында Facebook 11 мың адамды жұмыстан шығарған еді. Жұмыстан босатудың бірінші толқыны осы аптада басталады. Сәуір айында кейбір техникалық қызмет орындары қысқартылады. Үшінші толқын мамыр айында басталады. Қысқартулар туралы хабарландырудан кейін компанияның акциялары сейсенбіде 4%-ға қымбаттаған.
Компания басшысы Марк Цукерберг қызметкерлеріне жолдаған мәлімдемесінде, қысқарту жүргізу оңайға соқпағанын айтады. Басшылық бұл қиындықтарды несие бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуі, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық және нарықты қатаң реттеумен байланыстырады.
Жалпы жоғары технология саласында жұмысшылар санын азайтып жатқан тек Мета емес, бұған дейін Google 12 мың, Amazon 18 мың адамды жұмыстан қысқартатынын мәлімдеді.