Meta балалардың Facebook пен Instagram-ға тәуелділігі туралы сот ісі бойынша 18 миллиард доллар төлейді
Компания кәмелетке толмаған қолданушыларға арналған шектеулер енгізеді.
Meta АҚШ-тың бірнеше штаты компанияны балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығына зиян келтіретін, тәуелділік тудыратын Facebook пен Instagram платформаларын әдейі жасады деп айыптаған сот ісі бойынша шамамен 18 миллиард доллар төлеуге келісті.
Бұл туралы CNN хабарлады.
29 штаттың бас прокурорлары Meta балалар мен жасөспірімдерді тарту үшін лентаны шексіз айналдыру, ұсыныстар алгоритмдері және жиі хабарламалар сияқты функцияларды әдейі енгізді деп мәлімдеді. Сондай-ақ компания платформалардың жастарға төндіретін қауіптері туралы қоғамды жаңылыстырды және ата-аналардың келісімінсіз 13 жасқа толмаған балалардың деректерін заңсыз жинады деп айыпталды.
Келісім аясында Meta платформаларына бірқатар өзгеріс енгізуге келісті. Атап айтқанда, жасөспірім қолданушылар үшін күнделікті уақыт шектеулері, түнгі уақытта бұғаттау мүмкіндігі енгізіліп, ата-аналық бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар қолданушылардың жасын тексерудің жаңа құралдары іске қосылады.
Meta бұған дейін платформалары балаларға зиян келтіреді деген айыптарды бірнеше рет жоққа шығарып, қауіпсіздік функцияларына қомақты қаражат салғанын айтқан. Компания штаттардың талаптарын негізсіз деп атаған. Келісім аясында Meta өз кінәсін мойындаған жоқ.
Компания мәлімдемесінде жасөспірімдердің платформаларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету Meta үшін басты міндет екені айтылды.
Meta штаттарға өтемақы қорының 70 пайызын 10 жыл ішінде төлейтінін мәлімдеді. Қалған 30 пайызы YouTube пен TikTok та штаттарға өтемақы төлеуге және өз қосымшаларына осындай өзгерістер енгізуге келіскен жағдайда ғана төленеді.