Месси Неймарды "Барселонаға" қайтаруға кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Барселона" шабуылшысы Лионель Месси каталондық клубқа бразиялиялық форвард Неймарды қайтарғысы келеді. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.

Marca ақпаратынша, аргентиналық Неймарға қоңырау шалып, мадридтік "Реалдың" ұтымды келісімшартынан бас тартып, "Камп Ноуға" оралуға шақырған.

Бразилиялықтың өзі "Барселонаға" оралғысы келетінін білдіріпті. AS мәліметінше, мұның алдында бразилиялық Мессиге қоңырау шалып, клуб президенті Хосе Мария Бартомеумен сөйлесуін сұраған. Неймардың ойынша, бұл іске Месси араласса, "Барселона" ПСЖ шарттарына келіседі.

Ол Мессиге "Барселона" сапында ойнғасы келетінін айтқан, алайда, каталондық клуб оның трансфері бойынша нақты қадамдар жасамаса, "Реал" ұсынысын қабылдайтынын айтқан екен.

Le Parisien ақпараты бойынша, "Барселона" Неймарды жартылай қорғаушы Филиппе Коутиньоға айырбастап, үстіне 60-тан 80 млн еуроға дейін төлеуге дайын екені жайлы ауызша ұсыныс жасаған. Бірақ бұл париждіктердің көңілінен шықпай тұр. Олардың ойынша, сома тым аз, ал Коутиньоны асыра бағалап жіберген.

ПСЖ басшыларының жоспары Неймарды барынша қымбат сату, ал олай болмаса Парижде қалдырмақ.

Бұл жағдай 15-16 тамыз Ливерпульде өтетін Еуропалық клубтар қауымдастығының жиналысында шешілуі мүмкін. Ол жерде париждік клубтың иесі Нассер Аль-Хелайфи "Барселона" және "Реал" басшыларымен кездесуі мүмкін.

Неймар "Барселона" сапында 2013 пен 2017 жылдар аралығы ойнап, кейін ПСЖ сапына рекордты 222 млн еуроға өтті.  Өткен маусымда форвард клубтық деңгейдегі барлық турнирдің 28 матчінде 23 гол соғып, 13 нәтижелі пас берді. Футболшының ПСЖ-мен келісімшарты 2022 жылдың 30 маусымына дейін есептелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы