Месси медициналық тексеруден өту үшін Парижге келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сейсенбі күні Парижге келген аргентиналық шабуылшы Лионель Месси Бурже әуежайынан Франция астанасының батыс шетінде, Нойли-сюр-Сен қаласында орналасқан американдық ауруханаға бет алды. Онда футболшы медициналық тексеруден өтеді деп хабарлайды ҚазАқпарат BFM телеарнасына сілтеме жасап. 

Алдымен Месси отбасымен тек жеке және жалға алынған ұшақтар қабылданатын Бурже әуежайында болды. Ол бірнеше рет ашық терезе арқылы өзінің талантына бас иген жанкүйерлермен сәлемдесті. 

Айта кеткен жөн, Барселонамен бірге Месси он рет Испания чемпионы атанды. Жеті рет Испания кубогының, сегіз рет елдің Суперкубогының жеңімпазы болды. Ол төрт рет Чемпиондар лигасын, үш рет УЕФА Суперкубогын және үш рет клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды. Әлемдегі жылдың үздік ойыншысына берілетін «алтын допты» Месси алты рет еншіледі. Бұл - рекорд. 

Аргентина құрамасында Месси 151 матч өткізіп, онда 76 гол соқты. Ұлттық құраманың құрамында ол Америка кубогын (2021) жеңіп алды. 2014 жылғы әлем чемпионатында Месси Аргентина құрамасымен бірге финалға шықты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы