Месси гол соғып, Аргентина әлем чемпионатындағы үшінші жеңісіне жетті
Аргентина топтық кезеңді үш жеңіспен аяқтады, ал Лионель Месси әлем чемпионатындағы жаңа тарихи рекордтың авторы атанды.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Соңғы турда Аргентина құрамасы Иорданияны 3:1 есебімен сенімді жеңіп, J тобында бірінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Кездесуді қосалқы құрамнан бастаған Лионель Месси екінші таймда алаңға шығып, бірден өз сөзін айтты. Ол айып добын шебер орындап, турнирдегі кезекті голын соқты. Алайда аргентиналықтар оның алаңға шығуына дейін-ақ есепте алда тұрған еді. Команда сапынан Джовани Ло Чельсо мен Лаутаро Мартинес мергендік танытса, Иорданияның жалғыз голын Мұса Әл-Тамари соқты.
Бұл жеңіс Аргентинаға топтағы көшбасшылықты қамтамасыз етті. Сонымен қатар Лионель Месси әлем чемпионаттарындағы жетінші матч қатарынан гол соғып, турнир тарихындағы жаңа рекордтың авторы атанды. Осылайша ол Франция аңызы Жюст Фонтен мен Бразилияның даңқты шабуылшысы Жаирзиньоны басып озды.
Бұған қоса, «Интер Майами» шабуылшысы кәсіби мансабындағы 917-ші голын соқты. Оның 123-і Аргентина ұлттық құрамасының сапында тіркелді.
Топтық кезеңнің соңғы күнінде өзге кездесулер де тартысты өтті. Австрия мен Алжир құрамалары 3:3 есебімен тең тарқасты.
K тобында Португалия бастаған Криштиану Роналду құрамасы Колумбия қақпасынан саңылау таба алмай, матч 0:0 есебімен аяқталды.
Ал Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатындағы үшінші кездесуінде Конго Демократиялық Республикасына 1:3 есебімен есе жіберіп, бірде-бір ұпайсыз турнирмен қоштасты.
L тобында Англия Панаманы 2:0 есебімен жеңсе, Хорватия Гананы 2:1 есебімен ұтты.
Осылайша әлем чемпионатының топтық кезеңі толық аяқталды. Енді турнирдің плей-офф кезеңінде 32 құрама чемпиондық атақ үшін күресті жалғастырады.