ІІМ: ТЖ кезеңінде мерзімі өткен құжаттардың жарамдылық мерзімі ұзартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мерзімі өткен құжаттарды ауыстыру айыппұл санкцияларынсыз ағымдағы жылдың 10 шілдесіне дейін жүзеге асырылатын болады, деп хабарлады Polisia.kz.
Елімізде төтенше жағдай режимін енгізілгеннен кейін ХҚКО жұмысы 26 наурыздан бастап тоқтатылды және жеке басты куәландыратын құжаттарды қайта ресімдеу бойынша бірқатар мемлекеттік қызмет түрі көрсетілмеді.
Төтенше жағдайды енгізу форс-мажорлық жағдай деп танылады. Сондықтан Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтардың кейбір құжатын жарамды деп тану туралы қаулы қабылдады:
1) "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көрсетілген жеке басын куәландыратын құжаттар;
2) жүргізуші куәліктері, оның ішінде уақытша, міндетті техникалық байқаудан өткені туралы куәліктер;
3) азаматтық және қызметтік қару мен оның оқтарын сатып алуға, сақтауға және алып жүруге рұқсат құжаты;
4) келуге және кетуге рұқсат құжаты (визалар), Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат құжаты, еңбекші көшіп келушіге және жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат құжаты, пана іздеген адамның куәлігі.
Қолданылу мерзімі төтенше жағдай кезеңінде өткен жоғарыда көрсетілген құжаттар оның күші жойылған күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде, яғни ағымдағы жылдың 10 шілдесіне дейін жарамды деп танылады, - делінген хабарламада.
Төтенше жағдай режимінің қолданылуы кезеңінде және ол тоқтатылған күннен бастап күнтізбелік 60 күн ішінде 16 жасқа толған және жеке басын куәландыратын құжатты алмаған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін көрсетілген кезеңге олардың жеке басын куәландыратын негізгі құжат туу туралы куәлік немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты болып табылады.