Мерзімді қызметтің сарбазы парашютпен секіру кезінде шеберлік танытты
Жазғы оқу кезеңі Қарулы күштерде кәсіптік даярлықтан басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері үшін оған парашютпен секіру кіреді. Күзде әскерге шақырылып, алты ай қызмет еткен сарбаздар бірінші рет секіріп отыр.
Олардың әрқайсысы 4 сериялы D-6 парашют жүйесін киіп, тікұшақ бортына көтерілу сәтін асыға күтті. Бірақ бұған дейін әскери қызметшілер жерде оқып-жаттықты.
Алдымен алғаш секірушілер парашюттің, аспаптары мен жабдықтардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, содан кейін секіру үшін парашют жүйесін зерделейді. Әуе-десанттық кешеннің тренажерларында секірудің барлық элементтерін пысықтайды. Оның ішінде әуе кемесінен секіру техникасы, төмендеу кезіндегі штаттан тыс жағдайларда әуедегі іс-қимылдарды пысықтау, қосалқы парашютті пайдалану қағидалары мұқият жетілдіріледі, - дейді Алматы десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің әуе-десанттық дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Ержан Төлепұлы.
Парашютпен секіру – Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерін даярлаудың ең қиын және жауапты кезеңдерінің бірі. Бірақ батылдық пен қиын жағдайда әрекет ету қабілеті десантшының шеберлігіне және әуе-десанттық дайындықтан өту кезінде алған дағдыларына байланысты.
Бұл күні Алматы десанттық-шабуылдау бригадасының 160-тан астам әскери қызметшісі, оның ішінде 93 сарбаз парашютпен алғаш рет секірді.