Төтенше жағдай: Мерзімді қызметтегі сарбаздар үйлеріне қайтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Батыс" өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері мен Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінде мерзімді қызметтегі сарбаздардың жауынгерлік тумен қоштасу рәсімдері өткізілді.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрілігі Атырау гарнизонының баспасөз қызметі хабарлады.

Карантин режимінің ережелеріне сәйкес өткізілген бұл рәсімдерге ең үздік жауынгерлер ғана қатысты.


 Қызмет барысында біз көп нәрсені үйреніп, көп жағдайларды бастан өткердік. Біз барлық командирімізге олардың адал қызметтері мен мен берген білімдері үшін алғыс айтамыз. Еліміз үшін қиын кездерде біздің денсаулығымызға, аман-есен үйге оралуға қамқорлық жасағандары үшін ризашылғымызды білдіреміз, - деді қатардағы жауынгер Дәулет Ермахан.

Бір жыл ішінде әскери қызметшілер әскери мамандықтарын игерді. Жауынгерлік дайындықта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Олар тәжірибе жүзінде жауынгерлік даярлықтың толық циклін игеріп, әртүрлі деңгейдегі әскери оқу-жаттығуларда өздерін жақсы көрсете білді.


Қызметтік міндеттерін адал орындап, жоғары әскери тәртібі мен жауынгерлік және дене шынықтыру дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін сарбаздар алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Бірқатар әскери қызметшіге мерзімді әскери атақтары берілді.

"Батыс" өңірлік қолбасшылығының 1000 мерзімді әскери қызметшісінің 900-ден астамы үйлеріне жөнелтілді.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы