Мерц ЕО бюджетінің шамадан тыс ұлғаюына қарсы шықты
Мерцтің сөзінше, Германия ЕО бюджетінің шамамен төрттен бірін қаржыландырады, алайда бөлінген қаражаттың тек 8 пайызы ғана елге тікелей қайтарылады.
Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропалық Одақтың 2028-2034 жылдарға арналған жаңа ұзақ мерзімді бюджеті негізсіз ұлғаймауы керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ ол қаржылық жүктемені мүше мемлекеттер арасында әділ бөлуді және қарыз көлемін одан әрі арттырмауды ұсынды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.
Брюссельде өткен ЕО саммитінен кейін сөйлеген Мерцтің айтуынша, мүше елдердің жаңа бюджетке қатысты ұстанымдары әзірге бір-бірінен алшақ. Дегенмен ол келіссөздерді белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік бар екенін айтты.
«Еуропаға жаңа қарыздар емес, тұрақты қаржы жүйесі қажет», – деді канцлер.
Мерцтің сөзінше, Германия ЕО бюджетінің шамамен төрттен бірін қаржыландырады, алайда бөлінген қаражаттың тек 8 пайызы ғана елге тікелей қайтарылады. Осыған байланысты Берлин мүше мемлекеттердің жарналарын қайта қарауды көздеп отыр.
Канцлер Украинаны ұзақ мерзімді қолдау үшін ЕО бюджетінде арнайы резервтік қор құру қажеттігін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл шығындар барлық мүше мемлекет арасында бөлінуі керек. Ол Украинадағы соғысты Еуропа құрлығына төнген ең үлкен сыртқы қауіп деп атады.
Сонымен қатар Мерц ЕО-ның қарыз жүктемесінің өсуіне алаңдаушылық білдірді. Оның мәліметінше, келесі жеті жылдық бюджет кезеңінде Одақтың қарызы бойынша пайыздық төлемдер 150 миллиард еуродан асады.
«Бұл үлкен сома. Сондықтан біз жаңа қарыз алмауымыз керек. Әйтпесе, біз маневр жасау үшін кеңістікті жоғалтамыз», – деді ол.
Мерц ЕО-ның жаңа бюджеті бойынша келісімге жыл соңына дейін қол жеткізуге үміт білдірді. Оның айтуынша, Еуропалық Одақ басшылары мәселені талқылау үшін 17 желтоқсанда қайта жиналмақ.