«Меркі-Шу-Бурылбайтал» тасжолының ұзындығы 257 шақырым болатын бөлігінде қозғалыс ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Меркі – Шу– Бурылбайтал» автомобиль жолының ұзындығы 257 шақырым болатын учаскесінде қозғалыс ашылды. 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин аталған жол аумағында болып, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен танысты.

Шу қаласының айналма учаскесінде белгіленген мерзімнен бұрын 7 көпір мен жол өтпелерінің, соның ішінде ұзындығы 204 метр болатын Шу өзені арқылы өтетін ең үлкен көпірдің құрылысы бойынша жұмыстар аяқталған болатын. Жобалық құны – 15 млрд.теңге.

Аталған учаскеде қозғалыстың ашылуы транзиттік көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді және Шу қаласын Мойынқұм, Бірлік, Айдарлы, Бәйдібек сияқты жақын маңдағы елдімекендермен байланыстырады.

"ҚазАвтоЖол" ҰК " АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, ұзындығы 62 шақырым болатын "Шу-Хантау" учаскесіндегі жұмыстар толығымен аяқталған. Нысан жоспарланған мерзімнен алты ай бұрын пайдалануға берілді.

"Меркі-Шу" және "Хантау-Бурылбайтал" учаскелері бойынша бір бағытта қозғалыс ашылды, 4 көпірге кіреберісте жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарды толық аяқтау 2022 жылғы қарашаға көзделген.Ауқымды жоба аясында 6 көпір, темір жол арқылы 3 жол өтпесі, жарықтандырылатын 11 көлік айрығы, 9 жайластырылған демалыс алаңы және 34 көлік павильоны салынбақ. Барлығы жергілікті тұрғындардан 800-ден астам қызметкер, 400-ден астам техника бірлігі жұмылдырылған, - деп жеткізді А.Туғанова. 

Үкімет басшысының қолдауының арқасында келесі жылы "Шу-Благовещенка" автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлінетін болады.
Жоғарыда аталған жобаларды аяқтау Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі аралығындағы, сондай-ақ, Қырғызстан Республикасымен транзиттік әлеуетті едәуір арттыруды қамтамасыз етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы