«Мерейлі отбасы» шаңырақтың мерейін өсіретін халықтық шара болып өтуі керек – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен ОКҚ-да өткен брифингте «Мерейлі отбасы» конкурсының маңыздылығы туралы айтты.

«Мерейлі отбасы» конкурсы аясында жыл сайын еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар отбасылар өзара сайысқа түсіп келеді. Депутаттың сөзінше, биылғы жылы конкурстың ережелері жақсы жағына қарай өзгертілді.

Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Конкурсқа қатысушы отбасылар өздерінің ізгі жолы арқылы жас отбасыларға үлгі көрсетіп, болашақ ұрпаққа отбасылық құндылықтарды дәріптейді, - деп түсіндірді Ляззат Сүлеймен.

Конкурсты ұйымдастыруға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жан-жақты қолдау көрсететін болады.

Қазақстандық әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, еліміздің де абыройы асқақ болары анық. Сондықтан сіздерді конкурсқа белсенді қатысуға шақырамын. «Мерейлі отбасы» – үлкен мереке. Сондай-ақ барлық отбасының мерейін өсіретін халықтық шара болып өтуі керек, - деп айтты ол.

Депутат облыс, аудан әкімдерінен «Мерейлі отбасы» конкурсын жоғары деңгейінде өткізуді сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы