«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы қорытындыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытындысы туралы баспасөз конференциясы өткізілді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ҚР Бірінші Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы бекітілген. Бұл конкурс отбасы институтын нығайтуға, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың бала тәрбиесіне, жастары ұлғайған ата-аналарға қамқорлық көрсетуге жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Ең үлгілі отбасыны таңдау бойынша ұлттық конкурс жыл сайын қыркүйектің алғашқы онкүндігінде Қазақстанда отбасы күні мерекесі алдында өткізіледі. Конкурсты ұйымдастырушылар - Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігі, жергілікті атқарушы органдар.
"Конкурстың басталуын көпшілікке хабарлау жыл сайын республикалық және өңірлік БАҚ арқылы ұйымдастырылады. Конкурс бірнеше кезеңмен өтеді. Өңірлік конкурстардың 17 финалист-жеңімпазы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағына үміттенеді. Конкурс қорытындысы жалпыхалықтық дауыс беру арқылы белгіленеді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреатын белгілеуге ел азаматтары 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін смс және интернет арқылы тікелей дауыс беруге қатыса алады",- делінген хабарламада.
Дауыс беру қорытындысы 7 қыркүйекте «Қазақстан» ОКЗ-де «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреатын салтанатты марапаттау рәсімінде өңірлік турдың барлық жеңімпаздарын құрметтеумен қоса шығарылады.
Алты жылда конкурсқа 15 197 отбасы қатысты. Барлық қатысушылар санының 62% - ауылдық жерлерден шыққан отбасылар, 36% - көпбалалы отбасылар, 18% - жас отбасылар, 17% - бір мамандық еңбеккерлер әулеттерінің өкілдері. Қатысушылардың саны жыл сайын өсуде. 2014 жылы конкурсқа 1 298 отбасы қатысса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 2,5 есе көбейген.