Әбдіқалықова «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы комиссиясының отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Отырысты ашқан Г.Әбдіқалықова Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Отбасы – бұл өз халқына, оның мәдениеті мен тұрмысына деген махаббаттың сарқылмас көзі. Бұл отаншылдық және ата-аналардың, балалар мен немерелердің бақыты арқылы отанымыздың гүлденуіне мәңгілік қамқорлық» деген сөздеріне тоқталды. 

Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында отбасы мүшелерінің жетістіктері мен олардың маңыздылығы, үлкендерге деген құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру басты ұстаным болып табылады.  

Конкурс үш кезең – аудандық, өңірлік және ұлттық кезең бойынша өтеді.

Гүлшара Әбдіқалықова конкурсқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Биыл оған 3 204 отбасы қатысқан, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Осы жылдар ішінде Конкурсқа 15 197 отбасы, оның ішінде 9 407 отбасы (62%) ауылдан қатысты. Конкурстың барлық қатысушыларының 36,3% - көпбалалы отбасылар, 18% - жас отбасылар, 17% - бір мамандық еңбеккерлері әулеттерінің өкілдері.

Биылғы мамыр айында барлық облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезең жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шаралар мен салтанатты рәсімдер өткізілді, сондай-ақ  әр өңірден ақырғы кезеңге қатысатын 2 отбасы белгілі болды.

Комиссия мүшелері Конкурстың ұлттық кезеңіне қатысатын 17 үміткерді анықтады.

Қазақстандықтар «Мерейлі отбасы» конкурсының ақырғы кезеңінде жеңімпазды анықтауға kaztube.kz сайты және SМS-хабарламалармен дауыс беру арқылы қатыса алады.    

Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін Отбасы күні қарсаңында шығарылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы