«Мерейлі отбасы»: Конкурсқа 6 жылда 15 мыңнан аса отбасы қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ляззат Сүлеймен ОКҚ-да өткен брифингте «Мерейлі отбасына» 6 жылда қанша отбасы қатысып үлгергенін мәлімдеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев керемет жобалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына бастамашылық жасады. Ол қазақстандықтардың арасында жыл сайын танымал болып келеді. Бұл – отбасылық конкурс. Оның мақсаты – рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттау, отбасын құрудағы ұлттық құндылықтарды насихаттау, - деді ол.
Осы орайда бала тәрбиесі, үлкенді сыйлау, ата-аналарға қамқорлық сияқты ұлттық тәрбиені жастардың бойына сіңіру міндеті тұр.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы биыл жетінші рет өтеді. Былтыр карантинге байланысты ұйымдастырылмады, - деп айтты Сенат депутаты.
Оның сөзінше, 6 жылда конкурсқа 15 197 отбасы қатысты. Оның 62%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл көрсеткіш конкурс ауқымының өте кең екенін, әлі де көптеген отбасының қатысуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Қатысушылардың 36,3%-ы көпбалалы отбасылар, 18%-ы жас отбасылар, 17%-ы еңбек династияларының өкілдері.
Биыл Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жыл болды. Тәуелсіздіктің құрдастары да биыл 30-ға келді. Олар отбасын құрып, балалы болды. Яғни олар елімізбен бірге өсіп келе жатыр. Сол себепті биыл жас отбасылардың белсенді болуын және жас, үлгілі отбасы болудың үлгісін қоғамға көрсетуге шақырғымыз келеді, - деп түсіндірді Ляззат Сүлеймен.
Депутат атап өткендей, Қазақстанда берекелі отбасы өте көп. Ол көпбалалы отбасы, ол балаларын жалғыз өзі өсіріп отырған әке, ол бір баласы үшін жан алып, жан беріп жүрген ана.
Мұның барлығы мемлекеттегі адами капиталды дамытуға үлес қосып отырған ата-аналар. Біз олардың әрқайсысын бағалауымыз керек, - дейді Сүлеймен.
Бұған дейін хабарлағанымыздай қазақстандық депутат отбасы саясаты туралы айтты.