Еліміздегі үздік отбасы «Мерейлі отбасы-2019» байқауында анықталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өткізіледі.
«Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін насихаттауға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Конкурстың мақсаты:
1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;
2) ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру;
3) отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау;
4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Конкурс 3 кезеңде өтеді: бірінші кезең - аудандық (қалалық), екінші кезең - облыстық, үшінші кезең - ұлттық.
Байқау жеңімпазы-отбасы жалпы интерактивті дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады.
Байқаудың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның қолдауымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт министрліктері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдіктері жанындағы әйелдері істері жөніндегі комиссиялар.
Байқауға қатысу үшін толық ақпаратты ЕЛ.кз сайтынан алуға болады.
Конкурстың толық Ережесімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.