Мерекедегі марапат

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде 40-тан астам адам марапатқа ие болды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Алдымен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласындағы және облыс аудандарындағы ветеринария мекемелеріне 29 автокөліктің кілтін табыстады. 

 Облыста 2013 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласындағы мекемелердің техникалық базасы жаңартылмаған. Қазір облыс аудандарындағы қызметтік көліктер ескірген. Осыны ескеріп, біз биыл бюджеттен 336 миллион теңге қаржыға қызметтік автокөліктер сатып алдық. Мұның барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, — деді Е.Тоғжанов.

Айта кету керек, аталған «JAC S3» автокөліктері елімізде құрастырылған. 

Салтанатты шарада жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтаған облыс әкімі:

Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз бен елді дамытуға қосқан үлестеріңіздің арқасында бүгінде отандық агроөнеркәсіп саласы дамып келеді. Сондықтан сіздерге көрсетілген құрмет пен бүгінгі берілген марапат лайықты дүние. Осы шараға жиналған барша ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген азаматтарға қажырлы еңбек, мол табыс,отбасыларыңызға амандық тілеймін! Диқандар мен шаруалар алда еккен дәндерінен көл-көсір өнім алсын, — деді.

Құттықтау сөзінен соң облыс басшысы бір топ адамға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті. Сондай-ақ шарада 16 адам Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет Грамотасымен, 20-ға жуық адам облыс әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік шараға арнайы келіп қатысқан «Қазақстан Фермерлер қауымдастығы» басқармасының төрағасы Жигули Дайрабаев ақтөбеліктерге жылы лебізін білдірді.

Шалғайдағы ауылдың жағдайы жақсы болса, елдің де жайы жақсы болары анық. Сондықтан алдағы уақытта елімізде ауылдарды дамытуға басымдық беріледі. Биыл осы орайда облыстарыңызда «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылмақ. Мен осы салада жүрген адам ретінде осы жобаларыңыз сәтті жүзеге ассын деп тілектестік білдіремін. Сондай-ақ бүгінгі мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.

Шарада сондай-ақ А.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталығының төрағасы Белгібай ҚанафинАуыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев, т.б. белгілі адамдар қатысып, сөз сөйледі.

Шара соңында облыста «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша аудан әкімдіктері мен шаруашылықтар басшылары өзара меморандумға қол қойды.

Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері қандай марапатқа болса да лайық. Сондықтан бүгінгі марапат алған барша ақтөбеліктерге құтты болсын деймін. Мен бұл салада еңбек еткеніме алпыс жылдан асты. Әлі күнге дейін мен осы саладан қол үзбей келе жатырмын. Облыста жылқы шаруашылығын дамыту жолында еткен еңбегім лайықты марапатталды. Қазір Ақтөбе өңірінде мұғалжар мен көшім жылқылары көбейіп келеді. Мұндай асылтұқымды жылқы түрлері әлемде жоқ. Осыны ескерген сала мамандары қазір жылқы шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлуде. Облысымызға әкім болып келген жаңа басшы  Ералы Тоғжанов өңірде жылқы шаруашылығын дамытуға ерекше қолдау көрсетілетінін айтты. Меніңше, жылқы шаруашылығына тиісті деңгейде субсидия бөлініп, оны дамытуға қолдау болса, бұл өте құптарлық іс, — дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев. 

Ал ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен Шамиль Саринов қазір бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қуанарлық жағдай екенін айтады.

Мен Мәртөк ауданында ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет еттім. 19 жыл ауыл шаруашылығы бөлімін басқардым. Қазір зейнеттемін. Бүгінде аудандық 

қоғамдық кеңестің төрағасымын. Зейнетке шықсам да, ауданның қоғамдық жұмыстарынан тыс қалмаймын. Менен кезінде тәлім алған жастар қазір бөлім, басқарма басшылары болып отыр. Сол үшін ерекше қуанамын. 

Қазір облыста ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Соңғы жылдары ауыл-аймақтарды техникамен қамтуға республикалық бюджеттен  25 пайыз, облыстық бюджеттен 10 пайыз жеңілдікпен қаржы бөлінуде. Бұл — шаруаларға үлкен қолдау. Егін, мал шаруашылығына субсидия бөлініп жатыр. Биыл ауданымызда дәнді дақылдардан гектарына 18 центнерден өнім алдық. Алда жауын-шашын көп болса, қар жақсы түссе, келер жылы да шаруалар мол өнім алады деп сенеміз. Қазір біздің ауданда «Родниковка», «Айс», «Есбол» шаруашылықтары астық, ет, сүт өндірумен айналысады. Ауданымызда бұл салада еңбек етіп, жетістікке жетіп жүрген шаруалар көп, — дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Шамиль Саринов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы