Мереке қарсаңында үздіктер марапатталды
Астанада мереке қарсаңында ұлттық құндылықтарды дамытуға үлес қосқан жандар марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізіп отырмыз. Айтулы мереке қарсаңында Елорданың төрінде ұлттық құндылықтарды дамытуға үлес қосқандарға арналған республикалық «Наурыз-2024 ұлттық сыйлығының» марапаттау рәсімі болып өтті.
Биыл «Үздік ұлттық этно киім дизайнері», «Үздік ұлттық би ансамблі», «Үздік ұлттық тағам өндіруші», «Үздік этно фольклорлық ұжым», «Үздік тоғызқұмалақшы», «Үздік құсбегі». «Үздік ит баптаушы», «Үздік атбегі» және «Үздік ат спорты шебері» сынды тоғыз номинация бойынша жеңімпаздарға табысталды.
Мысалы «Үздік ұлттық этно киім дизайнері» номинациясы бойынша марапатталған Қайрулла Әбішов Димаш Құдайбергенге шапан тіккенін айтады.
Кезінде Димаш Құдайбергеннің ақ, алтын түсті костюмдерін тіккен дизайнермін. Бұрындары осы байқау туралы көп еститінмін, биыл ұлттық дизайнерлерді қатарға қосылғанын естіп қатты қуандым, - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ «Үздік ұлттық би ансамбі» номинациясы бойынша үздік деп Шымкенттік «Қазына» би ансамблі тандалды.
Біздің ұжым құрамында 14 қыз бен 10 бала бар. Республикалық байқауларда оқ бойы озық жүріп, Халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрміз, - деді Зәуре Әшірбекова.
Ал Рамазан атамыз ата-бабамыздан қалған дәстүр бойынша тазы баптап жүрген ақсақал.
Атам да, әкем де ,нағашым да тазы жүгіртіп, таза баптаған. Мен жалғастырушымын. Жас кезімде 5 тазыны баптағанмын, қазір 2 тазым бар. Арманым – осы қазақтың тазысын әлем таныса деймін, - деді Рамазан Үсеев.
Ұлттық тағамдар дайындайтын мейрамханалар арасынан үздік деп «Сандық» мейрамханасы танылды.
Біздің мейрамхана ел аузында жүрген соң, осындай номинациямен марапатталып отырмыз. Мейрамхана ерекшелігі – қазақ халқының дәстүрін дәріптеу, - деді мейрамхананың бас аспазы Манас Ысқақ.
Шара соңында өнер сүйер қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін еліміздің белді өнер майталмандары мен белгілі шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін паш етті.