Мереке күндері жұмыс істегендерге екі есе төлем беріледі

Қазақстанда түнгі және мерекелік жұмысқа ақы төлеу тәртібі нақтыланды. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес, қызметкерлер тек сағаттық мөлшерлемеге ғана емес, түнгі сағаттар мен мереке, демалыс күндеріндегі жұмыс үшін қосымша төлем ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмыс уақытын бөлек есепке алуға міндетті. Бұл үстеме жұмыс, түнгі уақыттағы жұмыс, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс, сондай-ақ іссапардағы уақытты қамтиды.

Кодекстің 110-бабына сәйкес, түнгі уақытта жұмыс істеген әрбір сағат үшін қызметкерге еңбек немесе ұжымдық шарт пен жұмыс берушінің актісіне сәйкес жоғарылатылған ставка бойынша ақы төленуі тиіс. Бұл ставка қызметкердің күндізгі сағаттық мөлшерлемесінің бір жарым есесінен кем болмауы керек.

Егер түнгі жұмыс демалыс немесе мереке күндеріне сәйкес келсе, төлемақы екі еселенген мөлшерлеме бойынша жүргізіледі. Яғни мереке немесе демалыс күндерінде жұмыс істеген сағаттарға бір жарым сағаттық тарифтік ставка қосылады, ал түнгі сағаттарға қосымша жарты сағаттық тарифтік ставка есептеледі.

Осылайша, түнгі жұмыс мереке немесе демалыс күндеріне сәйкес келген жағдайда, жұмыс беруші екі түрлі төлемді бөлек және қосымша түрде есептеуге міндетті:

  • түнгі сағаттар үшін,
  • мереке немесе демалыс күндеріндегі сағаттар үшін.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы