Мереке күндері теміржолда 120-дан астам ереже бұзушылық анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мерекелік демалыс күндері теміржолшылар көлік полициясы жәнеәскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлерімен бірлесіп, қауіпсіздік рейдтерін өткізді, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК"АҚ баспасөз қызметі.
3 күн ішінде 128 ереже бұзу фактісі анықталып, 53 адам белгіленбеген жерде жолдан өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Рейд барысында 700 азаматқа теміржол жол тәртібі түсіндіріліп, жадынамалар таратылды.
Тыйым салынған аумақта жолды кесіп өту – жарақат жағдайларына әкеп соқтыратын басты себептердің бірі. Сондықтан теміржолшылар әкімшілік жауапкершілікті қатайтып, айыппұлды көбйту керек деген ұстанымда. Қазіргі уақытта айыппұл 3 АЕК мөлшерінде.
Теміржолда қауіп-қатердің алдын алу қарекеті үнемі өткізіліп тұрады. Мереке күндері және мектеп оқушыларының қысқы демалысы кезінде бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар, оқу маусымында барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздік сабақтары жүреді.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ темір жолда абай болуды және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды тағы бір мәрте ескертеді. Темір жол өте қауіпті аумақ екенін ешқашан естен шығаруға болмайды.