"Nur Otan" партиясы қандастарға қолдау көрсетеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Nur Otan" партиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және "Отандастар" қоры өзара түсіністік меморандумына қол қойды.
Үшжақты меморандумға қол қоюдағы басты мақсат – дүниежүзіндегі қазақтарды тарихи отаны төңірегіне ұйыстыруға қолдау көрсету, атажұрттан тыс жерде, басқа елде туып өсіп, елге оралған қандастарымызға көмек қолын созу.
Елбасы, "Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайларының бірінде: "Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан", - деген еді.
Осы орайда, "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шет елдердегі және Қазақстанға келген этникалық қазақтарды қолдауға бағытталған еліміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру жұмыстарына атсалысуға партияның әрқашан әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол еліміз тәуелсіздік алғалы бері Елбасының бастамасымен тарихи Отанына бір миллионнан астам қазақ қайтып оралғанын, соның арқасында ұлтымыздың демографиялық жағдайы қандастарымыздың үлесі есебінен жақсарғаны туралы айтты.
Партиямыздың доктринасында жазылғандай, біздің негізгі құндылығымыз – адам, оның қадір-қасиеті мен құқықтары, амандық-саулығы мен заңдық мүдделері. Сондықтан, "Nur Otan" елге көшіп келген отандастарымызды үнемі қолдап отырады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Оралмандар" деп аталып жүрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз, оларды біздің қоғамымызға бейімделіп, жақын тарту үшін қандастар деп атауды ұсынамын", – деді. Сондықтан, осы меморандумның аясында "Отандастар" қоры және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, туған жерге көшіп келген отандастарымызға тіркелу, Қазақстан азаматтығын алу және басқа мәселелер бойынша құқықтық кеңес пен ақпараттық көмек беріп отырамыз. Елімізге көшіп келген әр азамат бейімдеуден өтіп, тез арада еңсесін тіктеп, етек-жеңін жиып, отбасымен, бала-шағасымен ел қатарлы тұруы керек. Олардың барлығы мемлекетіміздің, партияның, тұтас халқымыздың қолдауын сезінуі тиіс,- деді Бауыржан Байбек.
Ал Отандастар қорының президенті Нұртай Әбіқаев қор құрылған күннен бастап осы күнге дейін атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, бірлескен меморандумның маңыздылығын атап көрсетті.
Бүгінгі қол қойылатын меморандум "Nur Otan" партиясымен бірігіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік береді деген ойдамыз. Партияның еліміздің барлық аудандарында филиалдары барын ескерсек, қандастарды қолдауға бағытталған жұмысымыздың өнімді болатыны сөзсіз, - деді қор президенті.
Өз кезегінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков алдағы уақытта үшжақты меморандумның негізінде жастармен, медиа және басқа да салаларда бірлескен жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.