Бекшин былтыр менингококтік инфекция не себепті өлімге әкелгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикада менингококтік инфекция бойынша жағдай тұрақты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

Биыл менингококк жұқпасының 22 расталған жағдайы тіркелді. Былтыр осы кезеңде 60 жағдай тіркелген болатын.

Қазіргі уақытта бес науқас стационарлық жағдайда емделуде, оның екеуі Шығыс Қазақстан облысының, қалған үшеуі Батыс Қазақстан, Ақмола облысының және Алматы қаласының тұрғындары. 

"Өткен жылы Рамазан айында менингококк инфекция аурушаңдығы көтерілгенін бәріміз білеміз. Менингококтік инфекция өлімге әкелуінің басты себертерінің бірі – науқастың өз-өзін емдеумен айналысуы. Одан кейін дәрігерге кеш қаралып, кеш ем алады. Осы екі фактор адам өліміне алып келеді", - дейді еліміздің бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Осындай жағдайда адам көп жиналған жерлерде болудың қажеті жоқ.

"Егер көпшілік жиналған ортада болуға тура келсе, медициналық бетперде тағу керек және оны үш сағат сайын ауыстырып отыру керек", - дейді Жандарбек Бекшин.

Менингиттің тағы бір түрі – энтеровирусты серозды менингит. 

"Бұл дерт жеңіл өтеді, дегенмен оған да өте абай болу керек. Жазғы демалыста балалардың лас суды ішпеуін, лас суға түспеуін қадағалау керек. Қолдарын жиі жуып, қайнатылған суды ғана ішу керек. Жеміс-жидек, көкөністі жуып жеу керек. Осындай қарапайым қағидаларды ұстану арқылы ішек ауруларының алдын алуға болады", - дейді Жандарбек Бекшин.

Бұған дейін Қазақстанның бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин адамның бойында тұмау белгілері болса, Қадір түнінде үйде құлшылық етуге кеңес берді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы