"Менің Қазақстаным" халықаралық музыкалық челленджі басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен "Менің Қазақстаным" халықаралық музыкалық челленджі бастау алды.
Әуенді марафон атақты композитор, ән жанрының әйгілі майталманы, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Әнұраны әуенінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналады. Әйгілі композитордың 90 жылдығы республикалық маңызы бар мерейтойлар тізіміне енген.
Халықаралық ауқымды қамтитын бұл шараны үйлестіру "Қазақконцерт" ұйымы жанындағы "Концерттік-гастрольдік қызмет орталығына" жүктелген.
Жобаның ерекшелігі – оны "қазақ музыкасының алтын дауысы", ән әлемінің ардагері Бибігүл Төлегенованың бастауында болып отыр. Шәмші Қалдаяқовтың үзеңгілес-замандасы Бибігүл Ахметқызы сазгердің "Қайықта" әнін ең алғаш орындаған еді. Талант иесі жастық шағын еске алып, аталмыш әнді тыңдармандарына тағы бір мәрте ұсынды.
Бибігүл Төлегенова "Менің Қазақстаным" халықаралық музыкалық челленджін жалғастыру эстафетасын белгілі әнші Әлібек Дінішевке, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваға, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыхановқа, сондай-ақ алыс-жақын шет елдердегі қандастарымызға жолдады. Қазіргі уақытта аталмыш эстафетаны қабыл алушылар жобаны қуатты қолдап, жалғастыруға белсенділік танытуда. Мәселен, Роза Рымбаева кезекті ән марафонын қазақ операсының қос жұлдызы Нұржамал Үсенбаева мен Майра Мұхамедқызына және жас әнші Әміреге жолдайтынын жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Дәулет Тұрлыханов өзінің спорттағы шәкірттері мен танымал өнер жұлдыздарын тартпақшы, - делінген ведомство хабарламасында.
Алдағы уақытта танымал өнер жұлдыздары мен талантты актерлерді, белгілі спортшылар мен күллі қазақстандықтарды біріктіретін музыкалық челлендж өнер сүйер қауымды таңғалдырары сөзсіз.