"Менің көзім әбден жетті": депутат реформалар кезеңі туралы айтты

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі билікпен күрес жаңа билікке оңайға соқпай жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның жаңа тарихында “реформалар кезеңі” деген таңбамен қалатын дәуірдің барысында түрлі себептерге байланысты кідірістер барын да жоққа шығаруға болмайды. Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның “мұрынын бұзып”, қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз, - деді депутат.

Оның айтуынша, ескілердің ерегескен қарсылығы “Қаңтардан” кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. 

Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің “Жаңа Қазақстанға” қарай атқан тасы “ескілердің” есесін күйттейтіне куә болып жүрміз. Жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті, - деп айтты депутат Ермұрат Бапи.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы