«Менің де сұрағым бар»: Сүлейменова аттестаттауға қатысты сынға жауап берді
Әлеуметтік желіде мұғалімдерді аттестаттау тәртібіне қатысты сын айтылып жатыр. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа бағалау жүйесінің ерекшеліктерін түсіндірді. Оның айтуынша, қазір аттестаттаудың жаңартылған тәртібі пилоттық жоба аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің сөзінше, бұрын қолданыста болған аттестаттау талаптарына сәйкес, мұғалімдер 20-25 ашық сабақ өткізуге тиіс болған. Қазір пилоттық жоба аясында бұл талап 4-5 сабаққа дейін қысқартылған.
Жаңа жүйеде мұғалімнің кәсіби қызметін бағалау кезінде бірнеше талап ескеріледі. Атап айтқанда, педагогтің кәсіби бейнесі, сабақ тақырыбын қаншалықты толық ашқаны, оқу бағдарламасын меңгертуі және оқушылардың білім деңгейіне қарай сараланған тапсырмаларды қаншалықты тиімді қолданатыны қаралады.
Яғни, бағалау кезінде мұғалімнің сабақты қалай ұйымдастыратынына, оқу үлгерімі жоғары және төмен оқушылармен қалай жұмыс істейтініне де назар аударылады.
Министр бұрынғы аттестаттау жүйесіне қатысты өзінің де сұрақтары бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, бұрынғы талаптар бойынша мұғалімдер ашық сабақтарды қандай жағдайда және қалай өткізгені де назар аударуды қажет етеді.
Қолданыстағы талаптарға байланысты мен бір ғана мұғалімнің жазбасын көрдім. Яғни, менің де сұрақтарым бар. Бұған дейінгі аттестаттауда мұғалімдер ашық сабақтарды қалай өткізіп жүргені туралы мәселе бар. Дегенмен мұғалімнің негізгі міндеті – сабақ беру, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осыған байланысты министрлік аттестаттау талаптарын қайта қарастырып жатыр. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мұғалімнің жеке білімін тексерумен шектелмей, оның оқыту процесіне қосқан үлесін және сабақ сапасын бағалау.
Біз бұған дейін мұғалімнің жеке білімін ғана емес, оқу процесінде балаларға қаншалықты көңіл бөлетінін, олардың білімін көтеруге қаншалықты ықпал ететінін және сабақ сапасын арттыруын бағалайтын нақты талаптарға көшіп жатырмыз, – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, пилоттық жоба аяқталғаннан кейін аттестаттауға қатысты барлық мәселе қайта қаралып, тиісті шешімдер министрлік деңгейінде қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін министр сынып жетекшілерінің жалақысына қосымша ақы қосыла ма деген сұраққа жауап берді.