«Мені түсінбейді деп қорқады»: жасөспірімдер неге ата-анасына сырын айтпайды?
Ата-ана қандай өзгерістерге мән беруі керек және жасөспіріммен сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастыруға болады?
Жасөспірім шақ – баланың мінезі мен дүниетанымы қалыптасып, эмоционалдық тұрғыдан түрлі өзгерісті бастан өткеретін кезең. Бұл уақытта отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі қиындықтар, қатарластарының қысымы мен сыннан қорқу баланың тұйықталуына себеп болуы мүмкін. Кейде баланың үнсіздігінің артында ата-анасы байқамаған күрделі мәселелер жатады. Жасөспірімдер неге ішкі күйзелісін жақындарына айта алмайды? Олардың мінез-құлқындағы қандай өзгерістерге назар аудару керек? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі жасөспіріммен және педагог-психолог, арт-терапевт Альсина Ибраевамен сөйлесті.
Жасөспірімдер неге мәселесін іште сақтайды?
Ересектер үшін кейбір жасөспірімдердің мәселелері елеусіз көрінуі мүмкін. Досымен ренжісу, сабақтан төмен баға алу немесе сыныптастарымен келіспеушілік – үлкендерге өсе келе кездесетін қалыпты қиындықтардың бірі сияқты көрінеді. Алайда мұндай жағдайлар жасөспірім үшін қатты алаңдаушылық тудыруы мүмкін.
BAQ.KZ тілшісімен әңгімелескен 15 жастағы жасөспірімнің айтуынша, балалардың өз мәселесін ата-анасына айтпауына көбіне олардың реакциясынан қорқу себеп болады.
Меніңше, бұл – сені тыңдамайды немесе түсінбейді деген қорқыныш. Кейбірі ата-анасының қалай қабылдайтынынан қорқады, енді бірі оларға артық мәселе тудырғысы келмейді. Сондықтан өз уайымын айтуға батылы жетпейтін жасөспірімдер де бар, – дейді ол.
Жасөспірімнің сөзінше, мұндай жағдай адамның мінезіне де байланысты.
Мен өзім ата-анама немесе достарыма айта аламын. Бірақ ол жағдайға және көңіл күйіме байланысты. Ал кейбіреулер тұйық немесе ұялшақ болғандықтан, өзін мазалаған нәрсені айтуға қиналады, – дейді жасөспірім.
Оның айтуынша, эмоционалдық қиындықтарға отбасындағы жанжалдар мен мектептегі буллинг те себеп болуы мүмкін.
Жасөспірім шақ неліктен ерекше назарды қажет етеді?
Педагог-психолог, арт-терапевт, балалар мен жасөспірімдер топтарының тренері Альсина Ибраева жасөспірімдік кезеңде бала психологиялық, эмоционалдық және физиологиялық өзгерістерді қатар өткеретінін айтады. Мұның бәрі оның күйзеліске деген сезімталдығын арттыруы мүмкін.
Жасөспірім ата-анасының ашулануынан, сын айтуынан немесе кінәлауынан қорқуы мүмкін. Бірақ одан да ауыр тиетіні – өз мәселесінің ата-анасының көзінде маңызды емес екенін сезіну, – деп түсіндірді маман.
Психологтың айтуынша, кейде ересектер баланың уайымын елемей, оны болмашы нәрсе ретінде қабылдайды.
Мысалы, жасөспірім өзінің эмоционалдық жағдайы нашар екенін айтқанда, ата-анасы «Үйің бар, ішер асың бар, саған тағы не керек?» деп жауап беруі мүмкін. Алайда мұндай реакция баланың өзін жалғыз сезінуіне және ішкі мәселесін одан әрі жасыруына әкелуі ықтимал.
Ата-ана қандай өзгерістерге назар аударуы керек?
Маман ата-аналарға баланың бір сәттік көңіл күйіне емес, мінез-құлқындағы тұрақты өзгерістерге назар аударуға кеңес береді.
Жасөспірімнің жағдайын уақыт өте бақылаған жөн. Ата-ана өз баласын жақсы біледі, сондықтан бұрын байқалмаған өзгерістерді аңғара алады. Мысалы, бұрын көпшіл болған бала кенеттен ешкіммен араласқысы келмей, үнемі жалғыз қалуды қалайтынын айта бастайды, – дейді Альсина Ибраева.
Сонымен қатар баланың ұйқысына, тәбетіне және өзі туралы айтатын сөздеріне мән берген дұрыс.
Егер жасөспірім үнемі өзін "жолым болмайды", "қолымнан ештеңе келмейді" деп кінәлап, өмірге қатысты үмітсіз пікірлер айта бастаса, бұған міндетті түрде назар аудару керек, – деп ескертті психолог.
Маманның сөзінше, мұндай өзгерістерді елемей қоюға болмайды. Егер баланың жағдайы ұзақ уақыт бойы жақсармаса, онымен ашық сөйлесіп, қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгінген жөн.
Ата-ананың қандай әрекеті жағдайды қиындатуы мүмкін?
Альсина Ибраеваның айтуынша, ересектер жиі жіберетін қателіктің бірі – баланы тыңдамай тұрып, бірден кінәліні іздеуге кірісу.
Мысалы, ата-ана баласының мәселесін естіген соң: «Мен жаман анамын, кешір, саған дұрыс көңіл бөле алмадым» деп өзін кінәлай бастауы мүмкін.
Мұндай жағдайда жасөспірімге ата-анасын осындай күйде көру өте ауыр. Егер ересек адамның өзі қорқып, абдырап қалса, баланың қорқынышы одан сайын күшеюі мүмкін, – деп түсіндірді психолог.
Сондықтан маман алдымен баланы мұқият тыңдап, оның сезімін түсінуге тырысу керегін айтады. Бірден ақыл айтып, мәселені шешуге асықпай, жасөспірімге ойын еркін жеткізуге мүмкіндік берген маңызды.
Қандай жағдайда маман көмегіне жүгіну керек?
Егер жасөспірім өмір сүргісі келмейтінін айтса немесе өлім туралы ойлар мазалайтынын жеткізсе, мұндай сөздерді назардан тыс қалдыруға болмайды.
Егер жасөспірім өмір сүргісі келмейтінін айтса немесе мұндай ойлардан өзі де қорқатынын жеткізсе, міндетті түрде психиатр дәрігерге жүгіну қажет. Дәрігер баланың жағдайын бағалап, қауіп-қатер деңгейін анықтап, қажетті көмек түрін белгілей алады, – дейді Альсина Ибраева.
Маманның айтуынша, мұндай ойлар ұзаққа созылған күйзеліс, мысалы, емтиханға шамадан тыс дайындалу кезеңінде де туындауы мүмкін. Кей жағдайда оның артында депрессия немесе медициналық бағалауды қажет ететін басқа да жағдайлар жатуы ықтимал.
Сондықтан баланың жағдайын өз бетінше бағалап, мәселені кейінге қалдырмай, кәсіби көмекке жүгінген маңызды.
Жасөспірімдер ата-анасына қандай кеңес береді?
15 жастағы жасөспірімнің пікірінше, ата-аналар балаларының мәселесіне жеңіл қарамауы керек. Өйткені үлкендер үшін болмашы көрінетін жағдай балаға қатты әсер етуі мүмкін.
Ата-анаға ұсақ-түйек болып көрінетін нәрсе бала үшін үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан балалармен жиі сөйлесіп, олардың басынан не өтіп жатқанын түсінуге тырысу керек. Сабырлы әрі жұмсақ сөйлескен дұрыс, – дейді ол.
Сондай-ақ жасөспірім мектепте буллингке немесе қорқытуға тап болған балалар бұл мәселені жалғыз шешуге тырыспауы керегін атап өтті.
Оның сөзінше, мұндай жағдайда сенім артатын ересек адамға, соның ішінде мұғалімге айту маңызды. Ал қорқыту немесе зорлық-зомбылық қаупі болса, тиісті құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Жасөспіріммен қарым-қатынаста ең маңыздысы – оны тек тыңдау емес, сезімін түсінуге және пікірін құрметтеуге дайын болу. Өйткені бала өз мәселесін ашық айта алатын қауіпсіз орта ең алдымен отбасында қалыптасуы керек.