“Мені көне адам деп ойлап қалмаңыз”. Депутат ЖИ-ді қолданатын балалардың болашағына алаңдады

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектінің адамзаттың рухани дамуына қауіпті екенін айтып алаңдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте бүгін депутаттар “Жасанды интеллект туралы” заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.

Өткен жолы заңды таныстырған кезде мен ЖИ-дің адамзатқа қауіпі туралы айтқан болатынмын. Бірақ қоғам мені қарсы деп қабылдап қалды. Мен жасанды интеллектке қарсы емеспін. Мен жалғыз ақылдың, сананың иесі адамзатқа рухани жағынан келетін қауіп-қатер туралы айттым. Одан кейін тиісті жауап алған жоқпын, - деді Анас Баққожаев.

Депутат мынадай екі мысал келтірді.

Мектепте мұғалім балаларға үй тапсырмасын ЖИ көмегімен сұрағын жасап қойды. Ал үйге келген бала оны ЖИ-дің күшімен сол сұрақтардың жауабын шығарып қойды. Магистратураға түскен жастар да дәл солай. Олар ғылыми еңбектерді өздері жасамайды. ЖИ жасап береді. Ал оны оқитын оқытушы да оны өзі оқып, тексергісі келмейді. Олар дайын материалды ChatGPT-ге сала салып, қорытындысын сұрап алады. Сонда біз кім болдық? Мидың қатпарлары қайда? Қазір жастардың, балалардың сөз қоры азайды. Лексиконы жоқ. Баяғыда біз шығарма, мазмұндаманы не үшін жасадық?.. – деп айтты ол.

Баққожаев ауырдың үстімен, жеңілдің үстімен жүргендер ЖИ-дің ішімен жүретін болғанын айтты.

Осы ретте біз білімді, ғылымды қалай қорғаймыз? Мен заң жобасында ондай нормаларды көрген жоқпын. Неге мектепте, ЖОО-да бақылауды күшейтпейміз? Неге талап қоймаймыз? Жақсы, қосымша құрал ретінде қолдансын. Бірақ оны пайдалану мәдениетін де қалыптастыру керек. Осы мәселе мені алаңдатады. Мені енді «Ауыл» партиясының өкілі ретінде көне, архиялық адам деп ойлап қалмаңыз. Мені адамдардың мәселесі алаңдатады, - дейді Анас Баққожаев.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ЖИ әлемде қарыштап дамып жатқанын айтып, депутаттың ойына пікір білдірді.

Анас Ахатұлы, «Ауыл» партиясы немесе Анас Ахатұлы қарсы болды екен деп ЖИ тоқтап қалмайды, ол әлемде қарыштап дамып келе жатыр. Біз соны қалай реттейміз деп жиналып отырмыз ғой, - деп айтты Қошанов.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллекттің жиі қолданылуы балалардың когнитивтік қабілеттеріне кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қауіп ғылыми түрде дәлелденіп отыр.

Қазіргі уақытта педагогтар мен оқушылардың ЖИ қолдануын реттеу мақсатында Білім министрлігі этикалық кодекс әзірлеуге кіріскен. Дегенмен, тікелей тыйымдар тиімді болмайды. Себебі интернет пен мобильді құрылғыларға шектеу қою қиын – оқушылар GPT-ке кез келген жолмен жүгінеді, – деді депутат.

Смышляева ғылыми жұмыстарға жасанды интеллекттің қатысуын ашық көрсету практикасының енгізіле бастағанын айтып, мұндай тәсіл авторлық құқық пен академиялық адалдықты қорғауға бағытталғанын жеткізді.

Егер ғылыми мақалада ЖИ қолданылса, онда чатқа сілтеме беріп, оның нақты үлесі көрсетілуі тиіс. Бұл талап кейбір басылымдарда пайда бола бастады, – деді ол.

Депутат технологиялық прогреске шектеу қоюдың орнына, қоғамды бейімдеуді, атап айтқанда, балаларда сыни ойлау мен ЖИ берген жауаптарды бағалау қабілетін дамыту қажет екенін атап өтті.

Бәрін тыйсақ, көне заманда көлік пайда болған кезде оның алдында адам жүріп отыратын кезеңге қайта ораламыз. Бұл болашақты тежеу деген сөз, – деді Смышляева.

Бұған дейін жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылауда Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектінің зиянын айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы