"Менің келгенімді білмейді". Келіншек күйеуінің мәселесін министр арқылы шешіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Бүгін ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың xалыққа есеп беру кездесуіне келген шымкенттік келіншек күйеуінің мәселесін өзіне айтпай шешіп алды. 

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы көші-қон полициясында жұмыс істейтін  жолдасы енді отбасылық жағдайға байланысты Шымкентке ауысу керек. Бірақ қаптаған құжат мәселесі әлі бітпей жатыр екен. Оны күтуге бұл отбасының мүмкіндігі аз.

«Басқалар секілді пәтер сұрауға келмедім. Бізге өзіміздің туған жеріміз – Шымкент қаласына ауысуға тура келіп тұр. Бала-шағамыз сол жақта. Құжаттар мұнда келді. Бірақ қол қойылмай жатыр, жіберілмей жатыр. Оны не істеуге болады? Бізге көп күтуге болмайды. Пәтерде тұрамыз. Бала-шағамызбен екі жақта жүрміз. Осыған көмегіңіз керек», - деді полицейдің жұбайы.  

Өз кезегінде министр бұл проблеманы шешу үшін келіншектен ішкі істер саласында жұмыс істейтін жолдасының есімін сұрады. 

Осы тұста қысылып жолдасының есімін айтқан келіншек: «Ол менің мұнда келгенімді білмейді», деп залда отырғандарды бір ду күлдірді. 

Министр Ерлан Тұрғымбаев бұл мәселені шешіп беруге уәде етті.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы