Мені алаңға алып шыққан аталарымның рухы - желтоқсаншы
Алматыда 1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында болған “Желтоқсан” оқиғасы қазақ жастарының КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылығы болды.
Бұл күндер бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғаға айналды. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі желтоқсаншы Ерлік Омаровпен сұхбаттасты.
- “Желтоқсан” оқиғасына қалай қатысып жүрсіз? Осы жайлы айта кетсеңіз.
- Біз ол кезде Алматы Зооветеринарлық институтының 2-курсында оқитынбыз. Дінмұхамед Қонаев қызметінен алынған жайлы ақпарат естілді. Сол кезде Ерлік Сәлімұлы Омаров жатаханамыздың студенттер кеңесінің төрағасы болатын. Желтоқсаның 17-сі күні таңертең бәріміз қалмай алаңға шығамыз деп үгіт жүргізді. Таңғы сағат 7- де төменгі қабатқа түссек, деканымыз Ерсейт Бексейтұлы Бегалиев бастаған ұстаздар тобы студентерді есіктен шығармай тұр екен. Сол сәтте Ерлік Сәлімұлы қасымызға таяп келіп "жертөлені ашып қойдық, сол жақтан шығыңдар" деп сыбырлады. Аталған жерден мен, Беглан Абдихаев, Саят Малдыбаев үшеуміз шығып үлгердік. Бізден кейінгілер шыға алмай қалды. Өйткені, институттың комсомол ұйымының хатшысы Дәулет Құсайынов есікті жауып үлгерді. Содан үшеуміз алаңға келдік қыбырлаған жан жоқ үшеуміз Агропромның бұрышында қазіргі кезде тақта тас ілінген жерде тұрдық. 18-і күні милицияның қолына түсіп қалдым. 5-6 милиционер бізді тепкінің астына алды. Қос қолдап құлақтан, бүйректен ұратын әдістерін қолданды. Бізді тізімдей бастағанда жанымда құжатым болмаған соң, аты-жөнімді басқаша айтым. Содан кейін бізді түрменің машинасына қойша тығып, Каргалинка жаққа апарып, екі-екіден жол бойына түсіріп кетті. Бір жігіттер дипломатпен болды. Сұрастырсам, бізде сыртай оқитын бөлімнің жігіттері екен, қысқы сессияға келген. Қасымда АЗВИ-дің бірінші курс баласы болды. Ол “бізді не істер екен деп” абыржып отырды. Мен “не болсада бірге көреміз” деп жұбатқандай болдым. Содан біздерді тау жаққа апарып екі екіден жолдың бойына түсіріп кетті. Қасымдағы жігіттің үсті-басының бәрі қан, ол ұйып қатып қалған. Оның үстінен бір аяғынан жүре алмай тұрды. Мен оны тазалап, қолын иығыма асып, жаяулатып әрең дегенде Орбитадағы 34-ші автобустың аялдамасынан келдік. Автобусқа мінсек, бүкіл орыстың кемпірлері бізге қарап тұр. Жолда мен Абай мен Жарокова көшелерінің қиылысынан түсіп қалдым. Ондағы ойым - сол жерде тұратын таныс қызымды алаңға ертіп бармақ болдым. Мен түсіп қалып қасымдағы жігітке “сен бара бер” дедім. Сол жігіт кім екен? Осы мақаламды оқып хабарласcа екен деймін. Содан қыздың үйіне барсам жоқ екен. Үйінің алдындағы орындықта отыр едім, пошташы бір буда газетті қойды да, подьездерге тарата бастады. Қарасам газеттің мұқабасында Колбинің суреті тұр екен. Пошташы келесі подьезге кіргенде мен газеттің бірталайын жырттым да, кетіп қалдым. Аялдамадан автобусқа отырып жатаханама келдім.
- “Әр халыққа - өз көсемі керек” деген ұранды сіз жазған екенсіз. Бұл ұранның шығу тарихына тоқтала кетсеңіз.
- Бөлмеге жиналған жігіттер наразылықтарын білдіріп айтып жатқанда Тоқтасын Артықбаев "жігіттер ұран жазайық” - деп ұсыныс жасады. Осыдан соң мен ойлана келе "Әр халыққа - өз көсемі" деп айттым, осы сөз кейін ұранға айналды. Ол кезде ұлт деп айтуға болмайтын еді. Өйткені ұлтшыл деген айып тағылады. Ұранды қызыл гуашьпен матаға Тоқтасын Артықбаев жазды. Ал ұранды "Каждому народу - своего вождя" деп орыс тіліне аударған Ерлік Сәлімұлы болатын. Лениннің портретімен осы ұраның қазақшасын көтеріп жүрген курстасым Ерлан Бейсембаев болған, ал орысшасын көтеріп жүрген курстасым Жәлел Әуез болатын. Кейін қудалау кезінде екеуі осы ұран үшін сотты болды. Өзіміздің жазған ұрандарды өзіміздің жігіттер көтеріп жүрді.
- “Желтоқсан” оқиғасынан кейінгі елдің ахуалы, жастардың рухы сынды ма?
- Желтоқсан айынан кейін бір айдай тыныш болды. Содан кейін газеттер "Шырмауық", “Паутина" деген ұлтың намысына тиетін ауыр-ауыр мақалалар жариялай бастады. Телеарнаның күзетшісі Савицкийді өлтіргендерді табыңдар деген бұйрық үшін КГБ жанталасып іздеу сала бастады. Не де болса, өнер адамдарынан шығады деп өнер институтына тисті. Асқар Тоқпанов сынды адамдарға ауыр тиді, студент қудаланды. Ал ауыл-шаруашылық институтының ұстаздары басым қазақ ұлтынан болғандықтан бізді қорғады. Бізді қырғидай қорғаған деканымыз Ерсейт Бегалиев пен ұстаздардың жақсылығын қалай ұмытамыз.
- Осы жағдайлардан кейін туған ауылыңызға, ата-анаңызға қайтыңыз ба?
- Иә, “Желтоқсан” басылғанан кейін үйге барғанымда көрші-қолаң Алматыда не болғанын сұрай бастады. Кешке әкем марқұм жұмыстан келіп маған: «Балам аузыңа ие бол! Бұл үкіметтің құрығы ұзын. Егер сені ұстайтын болса, мына үй-ішіңді Жезқазғанның бетпағына ма, Қызылорданың құмына ма көшіріп тастайды. Содан кейін бір-бірімізді таппай жүреміз», – деп айтқаны мәңгілік есімде қалды. Желтоқсанда, таң азанда алаңға барған үш жігіт едік. Бұл күнде қарасам сол жерге тақта тас орнатылыпты. Сол кезде екі тілде жазған ұранымыз - “Әр халыққа – өз көсемі” сөзі ескерткіш тасқа ойылып жазылыпты. Мені алаңға алып шыққан аталарымның рухы.
- Болашақ ұрпаққа айтар тілегіңіз қандай?
- Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сол себептен жастардың болашағы жарқын, білімді де талантты болатынына сенемін.
-Әңгімеңізге рахмет!