"Менде бәрі жақсы" деген балаға сенбеңіз: QR-код жүйесі шындықты айтады
Қазақстан мектептерінде буллингке қарсы нақты іс-қимыл басталды. Оқушылар енді QR-код арқылы жасырын өтініш жолдап, көмек сұрай алады. Елімізде балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында 2024 жылы бірқатар заң қабылданып, ауқымды реформалар қолға алынды. Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап, жауап алды.
Министрліктің мәліметінше, балаларды қорғауға бағытталған алты негізгі заң қабылданған. Олар арқылы балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық формасына жауапкершілік күшейтіліп, бала саудасының алдын алуға арналған шаралар да енгізілген.
Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқаты – басты назарда. Біз тек салдармен емес, себеппен күресу үшін кешенді шаралар қабылдаудамыз, – делінген министрліктің ресми жауабында.
2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Оның ішінде оқушылардан QR-код арқылы жасырын мәтіндік өтініш қабылдау жүйесі – жаңа әрі тиімді құрал ретінде жұмыс істей бастады. Бұл – балалардың өз проблемасын айтуға батылы жетпейтін жағдайларда үлкен көмек.
Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Оқушыларға қауіпсіз мінез-құлықты үйрететін 130 тақырыптан тұратын арнайы бағдарлама бар. Бұл балаларды тек физикалық емес, психологиялық қауіптен де қорғауға бағытталған.
Еліміздің барлық өңірлерінде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, олар оқушыларға, ата-аналарға және мектеп психологтарына әдістемелік көмек көрсетіп отыр. Сонымен қатар әр мектепке ювеналды полиция мен учаскелік полиция қызметкерлері бекітілген.
Мектептерде Финляндия үлгісіндегі Kiva, сондай-ақ отандық "ДосболLiKe" секілді буллингке қарсы бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Бұл жүйелер мектепішілік атмосфераны жақсартып, балалардың бір-біріне деген сенімін арттыруға бағытталған.
Оқу-ағарту министрлігі ішкі істер органдарының құзыретіне кіретін сұрақтар бойынша ата-аналар мен мектеп қызметкерлерін тиісті мекемелерге жүгінуге шақырды.