"Мен тірідей көмілудемін": Газадағы кепілдердің жанайқайы әлемді дүр сілкіндірді
Газадағы кепілдердің жанайқайы әлемді дүр сілкіндірді. Әлемдік лидерлер кепілдегі израильдіктердің азапты күйіне алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Газадағы кепіл адамдардың қатыгез жағдайда ұсталып жатқанына байланысты халықаралық резонанс күшейді. Желіде тараған видеоларда Ром Браславски мен Эвьятар Давид атты екі израильдік жас жігіттің азықсыз, сусыз азап шеккені көрсетілген.
Браславски күніне үш кішкентай фалафель жегенін айтып жыласа, Давид аштықтан әлсіреп, өзіне бейресми түрде "қабір қазуға" мәжбүр болғанын жеткізді.
Біріккен Корольдіктің сыртқы істер министрі бұл көріністерді "жантүршігерлік насихат" деп бағаласа, Германия мен Франция да ХАМАС-ты адамгершілікке қарсы әрекет етіп отыр деп айыптады. Франция президенті Макрон кепілдерді босатуды бітім шартының басты талабы екенін айтты.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Қызыл Крестті шұғыл түрде азық пен дәрі-дәрмек жеткізуге араласуға шақырды. ХАМАС болса, тек гуманитарлық дәліздер ашылып, әуе шабуылдары тоқтатылса ғана көмекке рұқсат беретінін жеткізді.
Қазіргі таңда Газадағы кепілде отырғандардың саны – 49 адам, оның ішінде 27-сі тірі емес деп есептеледі. Қызыл Крест пен БҰҰ ұйымдары бейбіт тұрғындардың жаппай аштыққа ұшырауын "ең ауыр гуманитарлық сценарий" деп бағалап отыр.
Ал Израиль ішіндегі кейбір саясаткерлер мен БАҚ өкілдері аштық барын мойындамай, оны "ХАМАС-тың жалған насихаты" деп көрсетуде. Алайда халықаралық қауымдастық бұл мәлімдемелерге күмәнмен қарап, Тель-Авивке қысым күшейтуде.