"Мен сіздерге зор үміт артамын": Тоқаев жастарға маңызды үндеу жасады
Президент «Айбын-2026» жиынында елдің жаңа даму кезеңі мен жастардың тарихи жауапкершілігі туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.
Биылғы «Айбын-2026» жиынына Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысты. Бағдарлама аясында әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Президент бұл жиынның жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызына ерекше тоқталды.
Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әскери-патриоттық жиында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас сарбаздармен бірге Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген жастардың да бақ сынағанын айтып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Президенттің айтуынша, биылғы дода еліміз үшін тарихи маңызы бар кезеңде өтіп жатыр. Ол наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғанын және бұл құжат елдің болашағын айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті.
Тұтас жұртымыздың арман-мұратын тоғыстырған Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілдеден бастап Конституцияның заңды күшіне енетінін еске салып, Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басатынын айтты.
Президенттің сөзінше, жаңа Конституция мемлекеттік және қоғамдық институттарды жаңғыртуға берік негіз қалыптастырып, еліміздің ғылым мен технологияға негізделген даму жолын айқындайды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кез келген реформаның табысты болуы қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікке байланысты екенін айтты.
Қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді, – деді Президент.
Президенттің пікірінше, Конституцияның басты мақсаты – елдің жасампаз күштерін ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру.
Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.