Мен сіздерге сенбеймін: Сайыров ұлттық жобалардың іске асырылуын сынға алды
Мәжілісмен Ерлан Сайыров ұлттық жобаларды жүзеге асыру кезінде қоғамдық бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Жайлы мектеп» - бұл расымен мемлекетіміз бен елімізге қажет жоба ғой. Бірақ осы жобаның кейбір олигарх топтардың мүддесіне пайдаланылып кетпеуін қадағалау керек. Шынын айтқанда, құрылыс саласында монополия жасап алған фирмалар бар. Олар кезінде бұрынғы биліктің өкілдерімен ымыраға барып, Қазақстандағы құрылыс саласындағы көптеген жерде монополия жасап алған. Енді 3-4 жылдың ішінде сол фирмалардың елімізде әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды қалай салғанын білеміз. Мәселен, пандемия кезінде BI Group деген компания салған құрылыс 4-5 млрд салып, артынан тексергенде 2-3 млрд жоқ болып шықты. Қазір Қазақстанның әрбір тиыны халыққа қымбат, - деді депутат Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен кеңейтілген тақырыптық отырысында.
Сол үшін ол конкурс болған кезде міндетті түрде қоғамдық бақылау элементтерін енгізу керек деп отыр.
Мен сіздерге сенбеймін. Мен осы жасырмаймын. Ертең үлкен жоба жасаймыз деп халыққа айтып, ұятқа қалып отырмайық. «Ана жерде мектеп салынбай қалыпты, мына жерде мектеп салынбай қалыпты, банкротқа кетіптінің» кебін кимейік. Бұл халқымыздың мемлекетке деген сенімінің индикаторы болады, - деді Ерлан Сайыров.