«Мен қорқып жатырмын». Оңғар Қабден лагерьдегі баланың жұмбақ өліміне қатысты тың дерек айтты

Щучинскідегі дарынды балаларға арналған «Балдәурен» лагерінде 2008 жылғы ер бала жұмбақ жағдайда көз жұмды. Журналист, блогер Оңғар Қабден бала туралы тың ақпарат таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әскердегі сарбаздардың өлімі бітіп, енді лагерьдегі оқушы балалар бірін бірі өлтіруге көшті ме? Денсаулық сақтау министрлігі! Дәрігерлерің неге бала өлімін жасыруда? Щучинскідегі дарынды балаларға арналған «Балдәурен» лагерінде 2008 жылғы ер бала жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ақтөбенің Хромтауынан 9 қаңтар күні келген 14 жасар Нұрдәулет Манап сол күні түнде анасына қоңырау шалған. Мен қорқып жатырмын, басым, ішім ауырады деп. Анасы  қой балам, қайдағыны айтпа. Тәлімгеріңді тауып алып, соған айт деген. Баласымен соңғы сөйлесуі екенін қайдан білсін? Таңертең ұлының қазасын естиді, - деп жазды ол.

Әпкесі Фаризаның айтуынша, Нұрдәулет намысқой бала. Өзі домбыра үйірмесіне қатысатын, ешкімді боқтамайтын мәдениетті бала.

Сол намысқойлығына басып, өзін ұрғанын да айтпаған болу керек дейді. Түске дейін дәрігері басқаша, тәлімгері басқаша, үшінші тарап басқаша айтқанмен, түстен кейін бәрі бірдей сайрайды. Дәрігерлердің қойған диагнозы сұмдық. Қатерлі ісік депті. «О заманда бұ заман» екі сағатта қатерлі ісік анықталып, адам өліп қалушы ма еді? Кімді ақымақ көріп отыр? Экспертизаға кірген жездесі арқасы мен іші көгерген. Соққыдан ішегі жарылып, ішіне қан кетуі мүмкін дейді. Дәрігерлер болса ауырған кезде панкратин, белсендірілген көмір бердік дейді. Балаға диагноз қоймай, ауруын анықтамай қалай дәрі берген? Анасына неге хабарламаған? Мектебіне неге айтпаған? Ана балалар омбудсмені Аружан Саинды қызметінен баяғыда босату керек еді, - деді Оңғар Қабден. 

Сонымен қатар бұл жайтқа қатысты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова түсініктеме берді.

«Балдәурен» сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр, - деді түсіндірді Насымжан Оспанова. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы