Мен қазақтың ортасында өстім – Владимир Чепель
Өзге этнос өкілі қазақ тілінде сөйлесе аңтарыла қарайтынымыз рас. Негізінде бұл біз үшін қалыпты жағдайға айналуы қажет. Мұны бізге Қапал ауылдық округі әкімдігінің бас маманы, ұлтжанды азамат Владимир Чепель айтты. Осы ретте ауылын көркейтуге күш салып жүрген азаматпен дидарласқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.
Владимир, сіз – қазақ тілінің жанашырысыз. Әсіресе ел патриоты ретінде белсенділігіңізге тәнтіміз. Бұл ұлтқа деген құрмет, риясыз сезім қайдан келді?
Қазақ тілін білу мен үшін үлкен мәртебе әрі толассыз жауапкершілік. Менің ойымша, біздің еліміздің әрбір азаматы ұлт патриот болуға міндетті. Нағыз патриотизм сөзде емес, іс-әрекетте көрінеді. Мемлекеттік тілді білу, оның мәдениеті мен тұрмысын құрметтеу менің азаматтық борышым. Қашанда Отанымызды кез-келген уақытта сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғауға дайынмын.
Қапал ауылы кезінде өңірдегі қуатты аудандардың бірі еді. Кейіннен шекарадағы мекеннің меселі қайтты. Ал, қазіргі жағдайы қалай?
Иә, Қапал 1997 жылға дейін аудан орталығы болып, табиғатымен әрі шаруашылығымен елді тәнді еткен өлке. Кейіннен немістердің, орыстардың жаппай көшуіне байланысты ауданда тұрғындар саны азайды. Бұл оқиға аудан орталығын әлсіретті. Сөйтіп, Ақсу ауданына қарап қалдық. Бүгінде Қапал ауылы туризм мен ауыл шаруашылығы саласында біртіндеп дамып келеді. Жас мамандар келе бастады. Бір өкінішті, 30 жылдың ішінде ауылда бір де бір үй салынбаған. Жақында ауылымызға жаңадан жас әкім сайланып, жас мамандар мен көпбалалы отбасыларға арналған 20 тұрғын үй салу жоспары бекітілді. Бүгінде құрылысы басталды.
Фото: Владимирдің жеке мұрағатынан
Ауылдан жұмыс таппай, қалаға қоныс аударған жастар көп. Қапалдың өзін байырғы жұрт бауырға басып отыр. Сіз алақандай ауылда қалуыңызға не себеп?
Жас кезімізде қалаға асығамыз, студенттік жылдар өткен орта қашанда ыстық, әрине! Бірақ, кіндік қанымыз тамған қасиетті мекен – аялы ауылымыз екенін ұмытпаған жөн. Шыны керек, жұмыс бойынша Астана, Алматы, Талдықорған және т.б. қалаларға көшу туралы көптеген ұсыныс түсті. Әйтсе де мен бәрінен бас тарттым. Туған ауылымды дамыту өмірімнің өзегіне айналды. Менің ауылыма пайдам тимесе, еліме қандай пайдам тимек. 2015 жылдан бастап Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып жұмыс істеймін. Осы уақыт ішінде мен армрестлинг бойынша тренажер клубын ашып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қостым. Сондай-ақ ауылдың ішкі мәселелері шешуде аянып қалған емеспін.
Әлемдік саяси ахуал шиеленісіп барады. Ресей мен Украина арасындағы текетірес, бізге де әсер етуде. Орыс саясаткерлерінің тәуелсіз мемлекетімізге қаратып айтқан бұратарпа сөздері көңіл алаңдатады. Сіз де естіген шығарсыз!? Жалпы, мұны қалай қабылдадыңыз?
Ресей мен Украина біздің елімізбен достығы жарасқан мемлекеттер. Қазіргі дүрбелең ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Қазақстан қалыптасқан жағдайды тезірек және бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Менің де ұстанымым сол. Жақында интернеттегі жағымсыз ақпарат отқай май құйғандай болды. Мен мұндай арандатушылықтар бірлігімізге нұқсан келтіретінін білемін. Теріс ақпарат жіберетіндер үшін мынаны айтқым келеді:
Біз қазақстандықпыз, бәріміз бір үлкен отбасымыз! Бірлікте, достық пен өзара сыйластықта ғана біздің ортақ үйіміз Қазақстан Республикасының байлығы мен берекесі артады. Осындай негізгі құндылықтар қоғамымыздың тұтастығын айқындайды. Барша қазақстандықтарды арандатушылыққа мән бермеуге шақырамын. Біз ұлттық және ұлтаралық алауыздыққа жол бермейміз, өйткені біздің басты байлығымыз – бірлік!
Фото: Владимирдің жеке мұрағатынан
Соғыстың салдарынан әлем орыс халқынан теріс айналуда. Ғаламды руссофобия ұғымы жаулап барады. Біздің елде де жоқ емес. Сізге бұл рай сезіле ме? Сезілсе, оны қалай жеңесіз?
Көзімді ашқалы қазақ ортасында тәлім-тәрбие алдым. Осы жылдар аралығында мұндай жағымсыз жағдайларды сезген де, көрген де емеспін. Шыны керек, қаншама іс-сапарда жүрсем де келеңсіз оқиғаларға тап болмаппын. Менің ортам мені ұлтжанды азамат ретінде құрметтейді. Менің түсінігімде, осы топырақта тіршілік еткен әрбір этнос өкілі қазақ тілін білуі шарт. Сонда ғана алауыздық тумайды.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың «орыс тілі жылы» деп жариялады. Бұл екі ел арасындағы ауызбіршілікті арттырғанымен, халықтың көңілін су сепкендей басты. Аталған шешім өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметін одан әрі төмендетпей ме? Қалай ойлайсыз?
Мен қазақ тілінң аудиториясы кең болса деп талаптанып жүрген азаматпын. Тағы да айтамын, еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге, құндылықтарын, әдет-ғұрыпын құрметтеуі парыз. Мейлі ол орыс болсын, қазақ болсын бәрібір өз елінің патриоты болуы керек. Жоғарыда аталған шешім өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметін азайтады деп ойламаймын. Бұл саяси шешім, оған бәріміз құрметпен қарауымыз керек.
Әңгімеңізге рақмет!