Депутат жүргізуші куәлігінен айырылғандарға рақымшылық жасауға қарсы шықты
Әкімшілік рақымшылық қалай жүзеге асырылатыны айтылды.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкіметтің кулуарында жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға әкімшілік рақымшылықтың таралуы мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бұл жағдайды «екіұшты мәселе» деп атады.
Бір жағынан, куәлігінен айырылғандардың ішінде өзін шын мәнінде зардап шеккен тараппын деп есептейтіндер бар. Бірақ бұл көлік екенін ұмытпауымыз керек. Бұл адамдар мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылды. Сіздің балаларыңыз бен жақындарыңыз жаяу жүргінші болуы мүмкін, ал сол жүргізушілер қайтадан рөлге отыруы ықтимал, – деді Бақытжан Базарбек.
Оның пікірінше, бұл – үлкен қауіп.
Қазір біз бұл мәселені талдап жатырмыз. Әкімшілік рақымшылық аясында жүргізуші куәлігінен айырылғандарға қатысты мәселе қаралады деп нақты айта алмаймын. Менің жеке ұстанымым – мен қарсымын. Тіпті мұндай азаматтардың саны көп болса да қолдамаймын, – деп қосты депутат.
Біз бұған дейін Президент рақымшылығына кімдер ілігуі мүмкін екені жайлы жазған едік.