5 Қазан 2026, 16:45 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Мен қандай бақытты жанмын!»: Кегендік ұстаз Ақордада әсерін айтты

Алматы облысы Кеген ауылынан келген 44 жылдық еңбек өтілі бар Жібек Қадырова ерекше балалармен жұмыс жасайды. Бүгін ол мереке қарсаңында Ақордада «Шапағат» медалімен марапатталды. Ол Мемлекет басшысының қолынан награда алған сәттегі толқынысы мен ауыл мектептеріндегі жағдай туралы BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

№7 облыстық психологиялық-медициналық консультацияның басшысы еңбегінің еленгенін үлкен бақыт санайды.

Өте қуаныштымын. Еңбегім еленіп, Ақордада Мемлекет басшысының қолынан марапат алу – мен үшін үлкен бақыт. Қазіргі сезімімді сөзбен жеткізу оңай емес, - деді Жібек Қадырова.

Оның айтуынша, ауылда да педагогтердің жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалып келеді. Жаңа мектептер салынып, қажетті жиһаздармен жабдықталып жатыр. Сонымен қатар білім ордаларында балалардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне көңіл бөлінеді.

Балаларға амандасуды үйрету туралы айтылды ғой. Бұл тәрбие бізде бұрыннан бар. Үзіліс кезінде қазақтың күйлері ойнап тұрады. Ауылдағы мектептерде осындай жақсы дәстүрлер қалыптасқан, - дейді ол.

Жібек Қадырова үшін марапатты алған сәт ерекше есте қалған. Қуаныш пен толқыныс қатар келген сол мезеттегі сезімін ол былай жеткізді:

Марапатты алар сәтте толқығаннан жүрегім дірілдеп кетті. «Мен қандай бақытты жанмын!» деп ойладым. Мемлекет басшысының қолынан марапат алуды Алланың берген сыйы деп қабылдадым, – деді ол.