«Мен қазақша сөйлеймін» акциясының екінші кезеңі аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясының 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасындағы ІІ кезеңінің марапаттау рәсімі өтті.
 

 

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген бұл іс-шараға елімізде тұратын 14 этнос өкілінен 213 адам қатысты. Олар қазақтың белгілі ақындарының туған ел, туған жер тақырыбындағы жыр жауһарларынан үзінділерді мәнерлеп жатқа оқыды.

Шыны керек, жыл санап тілдің майын тамызып, қазақ тілінде нақышына келтіріп жыр оқитын өз ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келеді. Әсіресе олардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы қуантады.«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген, алдына қара салмай, шашасына шаң жұқпаған шын талантты табу қазылар алқасына да оңайға түспеген секілді, - дейді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.  

Байқаудың бас жүлдесін Жамбыл облысының өкілі Аяна Ким Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» шығармасын  мәнерлеп жатқа оқығаны үшін иеленді. Ал бірінші орын Сабина Сыхуроваға, екінші орын Анора Юнусоваға бұйырды. Үшінші орынды Дилрабо Хикматтуллаева  мен Дмитрий Рябоконь еншіледі.

Карина Дакай, Алина Алиева, Малика Бешлы-Оглы, Татьяна Зайцева, Сабина Абдужапбарова, Дияра Батырали мен Зарина Гулмамедова Николай Кайнов пен Роман Жолудев, Виктория Галузинская ынталандыру сыйлығымен марапатталды.


 

Шәкірттерін баптаған қазақ тілі мұғалімдерінің еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Олар Тіл саясаты комитеті төрағасының алғысхатына ие болды.


 

Естеріңізге сала кетейік, акцияның 5-8 сынып оқушылары арасында өткен І кезеңіне 22 этнос өкілінен тұратын 326 адам қатысқан. 

Келесі кезеңдер жоғары оқу орындарының студенттері мен ересектер (5 шілде-5 тамыз аралығында) және құқық қорғау, ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында (6 тамыз-6 қыркүйек) өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы