Мен ештеңеден қорықпаймын – Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалған 53 жастағы чех маманы Михал Билек алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер сауалына жауап берді. 


«Қазақстан құрамасының бапкері болғаным үшін қуаныштымын және бұл мен үшін құрмет. Дайындалуға бір аптамыз бар, жиында балалардың өздерін қалай сезінетінін толық байқай аламыз. Түркияға ертең ұшамыз. Барлық жаттықтырушымен кездескім келді. Олар маған ұлттық стильдегі ойын туралы айтса деймін. Біз жиынға аз футболшы шақырмадық. Олар үшін Қазақстан құрамасында ойнау құрмет», - деп бастады сөзін ол.

Содан кейін Чехиядан келген маман журналистер сауалына жауап берді. 

— Қазақстан құрамасына келу ұсынысы туралы ұзақ ойландыңыз ба?

— Тез шешім қабылдадым. Үш апта ішінде қазақстандық тараппен келіссөздер жүргіздік. Бұл оңай болмады, себебі Чехиядағы командалардың бірімен келісімшарт болған еді. Дегенмен командам түсіністік танытқан соң осында жұмыс істеймін деп шештім. 

— Жақында жиынға қатысатын Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімі қалай жасалды? 

— Маған ақпарат жинау керек болды. Тізімді құрмадағы көмекшілерім жасады. 

— Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарттың ұзақтығы қандай? Біздің елімізге келгенге дейін Қазақстанға жайлы білдіңіз бе?

— Келісімшарт 1 жылға жасалды. Еуропа лигасындағы «Астана» мен «Славия» арасындағы ойын есімде. Бес жыл бұрын Қазақстанда жұмыс істеген Мирослав Беранекпен кездестім. Алға қойған мақсаттарды орындау оңай болмайды. 

— Еуро-2020 іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасына қандай міндет артылды? 

— Түркияда Молдовамен ойын болады, содан кейін ғана қалай болатынын жинақтаймын. Сіздің сұрағыңызға бірден жауап бере алмаймын, себебі ойынға, футболшыларға қарауым керек. Алдағы іріктеу құрама үшін сәтті болады деп үміттенемін. 

— Қазақстан құрамасында неге Евгений Постников пен Бахтиер Зайнутдинов жоқ?

— Постников жарақат алды. Зайнутдиновты шақырғымыз келеді. Мәскеуде онымен кездестік. Футболшы жайлы Карпинмен сөйлескенімізде Ресей кубогында «Ростовтың» матчы барын айтып, оны жібере алмаймыз деді», - деді Қазақстан құрамасы бас бапкердің ассистенті Михал Хипп.

— Билек мырза, Еуро-2020 іріктеу турниріндегі сәтсіздіктерден кейін отставкаға кету қаупі бар деп ойламайсыз ба?  

— Ештеңеден қорықпаймын. Шынында, біздің топ қиын. Қазақстан құрамасының УЕФА Ұлттар лигасындағы матчтарын көрдім, команда жаман емес. Команда жасақталған соң футболшыларымның әрқайсысы футбол алаңында күреседі. Дұрыс тактиканы таңдасақ барлық матчта өзімізді жақсы көрсету мүмкін болмақ.  

— Қазақстанға келер алдында Мирослав Беранекпен ақылдастыңыз ба?

— Иә, Қазақстан туралы жеткілікті ақпаратым бар. 

— Жиынға шақырылғандар тізімінде Эрич неге жоқ? 

— Эричке қатысты жағдайды біз де күтпеген едік. Дегенмен біз уақыттың бір орында тұрмайтынын түсінуіміз керек. Ол 37-де. Оның шешімін құрметтеуіміз керек. «Астана» сапында Ненадпен 4 жыл жұмыс істедік. Оның кәсібилігін жақсы білемін. Бұл шешім тыңғылықты ойланып қабылданған шешім деп білемін. Біз онымен сөйлескенімізде Эрич сұхбаттағы жағдайды айтты. Эричті алмастыратын лайықты қақпашылар бар. «Қайрат» сапындағы Плотников пен Покатиловтың халықаралық тәжірибесі бар. «Қайраттың» негізгі қапашысы кім болса біз соны құрамаға шақырамыз. Мен үшін екеуі де бірдей. Дмитрий Непогодов жақында Қазақстанның азаматтығын ады. Екі күн бұрын мен онымен сөйлестім. Голкипер Қазақстан сапында ойнағысы келеді. Біз мықтыларды шақырамыз. Олардың жасына, болмаса басқа да атақтарына қарамаймыз. Кім мықты, сол ойнайтын болады, - деді Қазақстан құрамасының қақпашылар бойынша бапкері Николай Родинов.
Назерке АБИБУЛЛА
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы